Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 65 млн. теңге бюджет қаражатын үнемдеді

107

 

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т. Серікбаев онлайн-брифингте хабарлады.

Ол Департаменттің ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс қорытындысы мен төтенше жағдай кезіндегі орган қызметінің форматы туралы баяндама жасады.

Спикердің айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың бір бағыты мемлекеттік сатып алу мониторингі болып табылады. Ол «Сатып алудың бірыңғай терезесі» веб-порталы арқылы өткізіледі.

Мониторингтің негізгі мақсаты мемлекеттік сатып алулардағы бағаны көтеру фактілерін анықтау, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануды және жымқыруды болдырмау болып табылады.

«Ағымдағы жылы біз білім беру, табиғи ресурстар, экономика, жұмыспен қамту, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы сатып алуларға мониторинг жүргіздік. Бүгінгі күні біздің ұсынымдарымыз бойынша 7 мемлекеттік органдардың сатып алу бағасы қайта қаралды» — деп атап өтті Талғар Серікбаев.

Мысалы, «А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынға жалпы сомасы 57 млн.теңгеге  жылыжай мен металл конструкцияларын сатып алу жоспарланған болатын. Мониторинг кезінде тауарлар құнының айтарлықтай көтермеленуі анықталып, енгізілген ұсыныстардың нәтижесінде аталған қаражат бюджетке қайтарылды.

Сонымен қатар, енгізілген ұсынымдардан кейін қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы қымбат планшеттерді сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алу бағасын қайта қараса, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті картридждердің сатып алу бағасын төмендетті. Үнемдеу сомасы 8 млн. теңгені құрады.

«Жалпы бүгінгі таңда үнемделген бюджет қаражатының сомасы 65 млн. теңгені құрап отыр. Бірқатар мемлекеттік сатып алу процедуралары қайта қаралуда, күтілетін үнемделетін қаржы шамамен 440 млн. теңгені құрайды.

Бюджет қаражатын тиімді пайдалану, жымқыруды болдырмау біздің органның басым міндеті болып табылады» — деп толықтырды спикер.