Шымкентте мемлекеттік сатып алу конкурстарынан 2 млрд. теңге үнемделген

184

ШЫМКЕНТТЕ МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУЛАРДАН 2 МЛРД ТЕҢГЕ ҮНЕМДЕЛГЕН

Шымкентте биыл пандемияға байланысты 740 млн. теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алулар тоқтатылды. Бұл бюджет қаражатына түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали мәлімдеді.

Жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу мониторингінің арқасында 2 млрд. теңгеден астам қаражат үнемделіпті. Қылмыстық істер кезінде бюджетке 1,8 млрд. теңге өтелді. Осы кезеңде департамент өкілдерінің араласуымен бас-аяғы 4 млрд. теңгеден астам сомаға мегаполистің экономикалық мүдделері қорғалған.

Асхат Жұмағали, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: «Мониторинг барысында тапсырыс беруші Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы болып табылатын жасыл желектерді күтіп ұстау бойынша лотқа ерекше назар аударылды. Әкімдіктің құрылымдық бөлімшесі бір көше мен мегаполистің үш нысандарын күтіп-ұстау үшін 1 млрд. теңге жұмсауды жоспарлаған. Бұл ретте веб-порталда конкурсқа қатысу үшін талаптар, сондай-ақ қажетті сипаттамалар болмаған. Сонымен қатар, Басқарма карантинді пайдалана отырып, лотты Тапсырыс берушіге шағымданусыз, жеңілдетілген түрде рәсімдерді жүргізуге мүмкіндік беретін арнайы тәртіп бойынша өткізілетін сатып алулар тізіміне енгізген».

Айта кетейік, жыл басынан бері қалада жемқорлық жасағаны үшін 28 тұлға әшкереленген. Күдікті адамдардың 20 пайызын мемлекеттік органдардың бөлім басшылары құрайды.

Мақпал Рысбаева