Шымкентте карантин режиміне қарамастан жұмыс істеп тұрған дәмхана анықталды.

Бір қызығы, көпшілік тамақтанатын орын Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының дәл қарама-қарсы бетінде орналасқан. Желіге жүктелген әуесқой түсірілімде дәмхана келушілерге еш қымсынбай ас беріп, қызмет көрсетіп тұрғаны байқалады. Қонақтардың дені – медициналық маскасын мойнына іліп алған. Ал кафеге келген қонақтардың арасында тіпті тәртіп сақшысы да бар.Жергілікті тұрғынның жасырын түсірген видеосы әп-сәтте әлеуметтік желіге тарап, қызу талқыға түсті. Осыдан кейін бұл жерге Абай ауданының әкімі мен Шымкент қалалық полиция департаменті бастығының өзі келіп, оқиғаның ақ-қарасын анықтауға кірісіп кетті. Есімжан Заңқоев, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Күндізгі ағат 14-00-дер шамасында Желтоқсан көшесі бойындағы «Сарыарқа» кафесінің жұмыс істеп тұрғаны туралы бізге хабарлама түсті. Бұл дәмхана бастапқыда жеткізу бойынша жұмыс істеп келген. Ішіне сосын 3-4 адамды кіргізіп, шәй ішіп жүр екен. Қазір учаскелік полиция инспекторы, өзге де жауаптылар келіп, ҚР ҚК 476-бап бойынша хаттама толтырылды. Іс сотқа жолданды».

 

Мөлдір Бекеева