Карантин басталғалы Шымкенттегі бензин саудасы 80 пайызға азайды. Қаладағы жанар-жағармай бекеттерінде бұған дейін бір күнде 350 мың теңгеге сауда жасалса, қазір бұл көрсеткіш 40 мың теңгеге бір-ақ түскен. Осыған байланысты шаһардағы бензин құны да біршама өзгерді дейді кәсіпкерлер.
Карантинге жабылғалы Шымкент көшелерінде көліктердің қарасы әлдеқайда азайған. Шектеулер қойылғалы тұрғындар тек жұмысқа барып келетіндерін айтады. Осыған байланысты бензинге де бұрынғыдай қажеттілік жоқ. Жолаушылардың айтуынша бұған дейін бір күнде құртылатын жанар-жағармай қазір бір аптаға жететін болыпты.
Сұраныстың аздығынан қаладағы жанаржағармай бекеттерінде баға да біраз өзгерген. Бұған дейін 160-165 теңгеге саудаланған АИ-92 бүгінде 147 теңгеге, ал 187-195 теңгеге сатылған сұйық отын қазір 178 теңгеге түсіпті. Себебі сатылым 80 пайызға азайған дейді сатушылар.
Абылайхан Қалжан, «Жанар-жағармай» бекетінің қызметкері: «Карантин енгізілгелі бізде сауда әлдеқайда азайды. Бұрын күніне 600 литр бензин сатсақ, қазір 100 литр ғана сатамыз. Сәйкесінше кіретін кіріс те азайды. Осыған дейін күніне 350 мың теңгеге сауда жасайтынбыз, қазір тек 40 мың теңге табыс табамыз».
Қалада 10-15 пайыз ғана көлік жүріп жатқанын қалалық жанар — жағармай қауымдастығы да растап отыр. Ал, мұнай бағасының құлдырауы бензиннің сарқылып қалуына себеп болмайды дейді қауымдастық төрағасы. Сөзінше, қара алтын қанша құлдыраса да жанар-жағармай өндірісі тоқтамайды.
Қайыпбек Қамбаров, Шымкент қаласы жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы: «Мұнай бағасының құлдырауы бензин өніміне еш әсерін тигізбейді. Біз бұған дейін жанар-жағармайды қалай өндірсек, кейін де солай жалғаса береді. Мұнай сарқылып қалады деген ешқандай қауіп жоқ. Ал, бензин бағасының түсуіне сұраныстың аздығы себеп».
Айта кетейік, қазір әлемде қара алтын құны 26 доллардан сатылып жатыр. Бұл кешегі көрсеткішпен салыстырғанда 2 долларға азайған.
Назерке Үкібасова