Шымкентте жезөкшелердің саудасы тыйылмай тұр

249

«Шектеуге көнбейтін кәсіп». Төтенше жағдайда шымкенттіктердің дені — үйде отырғанымен, жезөкшелердің көшедегі «жүрісі» тыйылмай тұр. Арнайы рейд өткізген полиция қызметкерлері, тіпті оларға деген сұраныстың артқанын айтады.

Нарық заманы деп, қысылтаяңда қымбатшылық боп жатса, оларда керісінше қызмет көрсету бағасы төмендепті. Полиция қызметкерлері осылай дейді. Рейд кезінде оларға жеңгетайлық жасап жүрген азамат та ұсталды. Енді жеңіл жүрісті қыздар табысының бір бөлігін мемлекетпен бөлісетін болды. Оларға айыппұл салынды.

Райым Шыңғысхан

Райым Шыңғысхан, Шымкент қаласы ПД  Патрульдік полиция полкінің Әл-Фараби ауданы бойынша взвод командирі: «Рейд жүргізу барысында Республика даңғылы мен Ш.Қалдаяқов көшесінің қиылысында бір топ азаматшалар анықталды. Олар жезөкшелікпен айналысады. Аталған азаматшаларды бірден әл-Фараби аудандық полиция басқармасына жеткізіп, оларға әкімшілік хаттама толтырдық, енді олар айыппұл төлейді».

Айта кетейік, Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері тұрғындардың тынысы мен тынышы үшін мұндай мазмұндағы рейдтік шараларды жиі ұйымдастырып, құқықбұзушылық анықталған жағдайда заң талаптарына сай жауапқа тартатындарын ескертеді.

Мөлдір Бекеева