Түркістан облысы Келес ауданында биыл 24 200 гектарға ауылшаруашылығы дақылдары егілді. (Оның ішінде ерте пісетін 4 357 гектар көкөніс, 1 400 гектар жоңышқа, 1 932 гектар картоп дақылдары бар). Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 684 гектарға ұлғайып отыр.
Жалпы ауданда 1300-ге жуық техника көктемгі дала жұмыстарына қатысуда. Бұл шаруаларға 1040 тонна жанармай қажеттілігі анықталып, сұраныс толығымен қанағаттандырылған. Оның 233 тонна ақпан, 156 тонна наурыз, 291 тонна сәуірге айларына бөлінген, ал 360 тоннасы қосымша өтінім болған жағдайда босатылады.
Сондай-ақ, ауданда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, бір жерден 2-3 өнім алу жобасы қолға алынып отыр. Осыған байланысты бүгінде 8 ауылдық округтен 130 шаруақожалық 706,7 гектар егістік жерді дайындады. Жыл соңына дейін тағы қосымша 70 жобаны іске асыру көзделген.
Одан бөлек, аудандағы ағын су тапшылығын болдырмау және ауылшаруашылығы өнім көлемін арттыру мақсатында Абай ауылындағы «Араншы-1» су арнасын күрделі жөндеуден өткізу үшін тиісті қаржы бөлінген. Нәтижесінде жыл соңына дейін каналдың 2,2 шақырымы күрделі жөндеуден өтетін болады. Жалпы ауданда ұзындығы 172,9 шақырым болатын 22 су арнасы мен 7 қашыртқы жөндеуден өткізіледі.