ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК

250

Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленеді. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі жағдайға байланысты қабылдаған шешімі. Оның мөлшері, ең төменгі жалақыға тең болмақ. Яғни 42 500 теңгені құрайды.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, 42 500 теңгелік жәрдемақыны төтенше жағдай кезінде, ақысыз еңбек демалысына шыққандар алады.
Олар:
–Орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері;
– Жеке кәсіпкерлер (ЖК);
– Жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор) (ЖП);
–Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (БЖТ);
–Азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша кіріс алатын адамдар;
–Карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері.
Қысқартуға ілінгендер мен өз еркінен жұмыстан шыққандар мемлекеттік сақтандыру қоры есебінен орташа жалақысының 40 пайызын алып отырмақ.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанат Өтебаеваның айтуынша, елдегі жағдайға байланысты табысынан қол үзген азаматтар мемлекеттік төлемдерге қол жеткізуі үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуы керек.
–Әлеуметтік төлем — төтенше жағдай кезінде кіші және орта бизнесте немесе жеке кәсіпте жұмыс атқарып, айлық жалақысынан қол үзіп қалған азаматтарға беріледі. Жеке кәсіпкердің жұмысы тоқтап, жұмысшының ақысыз еңбек демалысқа шығып қалуына байланысты төленеді. Оның мөлшері – 42 500 теңгені құрайды. Ол төтенше жағдай мерзімі аяқталғанға дейін «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» есебінен төленеді, -дейді Жанат Өтебаева.

ЖӘРДЕМАҚЫ АЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
–Әлеуметтік төлемді алу үшін жұмыссыз қалған азаматтар ешқайда бармайды. Олар үшін бұл жұмысты жұмыс беруші атқарады. Жұмыс берушілер әлеуметтік төлем алу үшін қызметкерлерінің тізімін және ол жайлы мәліметті арнайы электронды қолтаңба арқылы «e-gov» порталынан жұмыспен қамту орталығына жолдайды,- дейді басқарма басшысының орынбасары Жанат Өтебаева.
Алайда, ескеретін жайт, құжаттар төтенше жағдай жарияланғаннан кейінгі күнмен шығарылуы тиіс, олар:
–төтенше жағдайға байланысты кәсіпорын жағдайы;
– жұмыскерлердің тізімі;
–жұмыскерлердің ақысыз еңбек демалысына жіберілгендігі жөнінде бұйрықтың көшірмесі;
– арыз.
Құжаттар арнайы құрылған штабта 3 күн қаралады және штабтың шешімі бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы төленеді.

ЖҰМЫСТАН ШЫҒЫП ҚАЛҒАНДАР ҚАЙТПЕК?
Жұмыстан қол үзген азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен жұмыскердің орта айлық жалақысының 40 пайызы мөлшерінде әлеуметтік төлем төленеді. Оның төлем мерзімі — 6 ай. Бұл жерде жұмысшының соңғы 2 жыл көлеміндегі табысы мен міндетті сақтандыру қорындағы өтілі ескеріледі.
Бұл азаматтар өзінің жұмыссыз қалғанын растайтын құжаттарын ұсыну керек.
Бұл үшін:
–Жұмыссыз ретінде тіркелуге өтініш;
–Жұмыстан шыққанына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау жөніндегі өтініш жазуы қажет.
Азамат жұмыссыз ретінде тіркелген болса, «электронды үкімет» порталында әлеуметтік төлем алуға өтініш қалдыра алады.
Бүгінгі таңда қағаз жүзінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер электронды түрде egov.kz порталында көрсетіледі.

Ал осы кезде

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдай кезінде азық-түлік пен тұрмыстық жиынтық алушылардың тізімін жасады. Оған 4 санаттағы азаматтар енгізілді.
Атап айтқанда:
– Атаулы әлеуметтік көмек алатын табысы аз отбасылардың, оның ішінде көпбалалы отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларына азық-түлік пен тұрмыстық жиынтық ұсынылады.
–Карантин жарияланған аймақтарда азық-түлік пен тұрмыстық жиынтық АӘК алатын отбасылардың ересек мүшелеріне, оның ішінде көпбалалы отбасыларға; барлық жастағы I және II топтағы мүгедектерге, сондай-ақ мүгедек балаларға; мүгедек баланы күтумен айналысатын ата-аналарға беріледі.
Азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтың құрамын жергілікті атқарушы органдар оларға бөлінген қаражат шегінде айқындайды.

Түртіп ал!

Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлемдер «Электрондық өтініш» түрінде көрсетіледі.
Бүгіннен бастап көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға тағайындалатан атаулы әлеуметтік көмектің ІІ тоқсанына құжат тапсыру науқаны басталды. Алайда елдегі төтенше жағдайдың кезеңінде әлеуметтік шиеленіс пен наразылық жағдайларын болдырмау мақсатында, және де адам арасындағы физикалық байланыстың алдын алу мақсатында бүгінгі таңда қағаз жүзінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер электронды түрде көрсетіледі.
Осы орайда, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтің 15 түрін көрсететін болады. Яғни, құжат қабылдау науқаны онлайн түрде жүреді. Яғни, АӘК-пен қоса барлық жаңа тағайындаулар бойынша, азаматтар енді «собез»-ге немесе ХҚКО бармайды. Өтінішті «электрондық үкімет» порталының «Электрондық өтініштер» сервисі арқылы беретін болады.
Онда сіз, қашықтан көрсетілетін қызметтерді:
— «Мүгедектігі мен асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау»;
— «Бала туу және бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындау;
— «Инфляцияның деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасы мен зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма төлемі»;
-«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау»
— «Жерлеуге біржолғы төлем тағайындау»;

2. «Электрондық өтініштер» арқылы ЭҮП жүзеге асырылатын қызметтерді:

— жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау
— » Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау»                                               — » Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау»
— » Мемлекеттік арнайы жәрдемақылар тағайындау»
— » Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) жәрдемақы тағайындау»
—  Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу, куәлік беру» ;
-«Банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалар қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығына келтiрген зиянды өтеу жөнiндегi төлемдердi капиталдандыру кезеңi аяқталғаннан кейiн Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмекті тағайындау»;
-«Бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау»
— Бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы тағайындау.
-«Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау» ала аласыз.
Жоғарыда көрсетілген әлеуметтік төлемдері тағайындау бойынша, Сіздерде туындаған сұрақтар болған жағдайда түсініктеме, кеңес алу керек болса Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша Департаментіне хабарласуыңызға болады.

Әлеуметтік төлемдер бойынша: 32-46-95, 47-84-49, 32-63-24.
Мүгедектіктікті белгілеу бойынша: 32-14-32,32-48-66.

Дайындаған — Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №13-14, 1 сәуір 2020