Қазақстанда төтенше жағдай жарияланғалы бері шымкенттіктер egov.kz порталы арқылы 200-ден астам автокөліктерін тіркеді.
Еске салайық, 26-наурыздан бастап Қазақстандағы халыққа қызмет көрсету орталықтары мен автоХҚО-ның жұмысы уақытша тоқтатылған. Көпшілік мемлекеттік қызметтерді тек электрондық үкімет порталы арқылы алып келеді.
Алтынай Татаева, «Азаматарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалының өкілі: «Қызметті онлан алу режимде алу механизмі өте қарапайым. Ол үшін egov.kz порталына кіріп, өтінімді толтырып, жеке электронды цифрлык қолтаңбамен (ЭЦК) қол қойса жеткілікті. Айта кетейін, төтенше жағдай жарияланғалы бері 200-ден астам автокөлік онлайн тәсілмен тіркелді. Бұл көрсеткіштің айтарлықтай өсетінін болжап отырмыз, өйткені алтын уақытын сарп етпей, мамандандырылған ХҚО-ға бармай-ақ қарапайым және ыңғайлы шешімдерді таңдайтын азаматтарымыздың саны көбейіп келеді».
Көліктерді қайта тіркеу қызметі egov.kz порталында «Көлік және коммуникациялар» бөлімінде қолжетімді. Оны онлайн режимінде алу үшін сатушы ЭЦҚ-ны пайдаланып, egov.kz порталына кіріп, сатылатын көлік туралы ақпаратты енгізіп, айыппұлдар мен салықтар бойынша берешекті тексеруге сұраныс жіберуі керек екен.
«Егер тиісті ақпараттар бар болса, электрондық үкімет порталы арқылы төлеп, өтінішке ЭЦҚ-мен қол қояды. Осыдан кейін сатып алушы электронды үкімет порталындағы жеке кабинетіндегі өтінішпен таныса алады, онда айыппұлдарды тексеріп болғаннан кейін мемлекеттік нөмір және техпаспорт үшін тиісті алымдар мен тіркеу жарнасын төлеуі тиіс. Сатып алушы мәмілені өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен растайды. Кейін автоХҚО-ға тек дайын болған нөмір мен техникалық төлқұжатты алып кету үшін барады», — дейді Алтынай Татаева.
Мөлдір Бекеева