Қандай көліктер заңдастырылмайды?

46

Іздеуде жүрген (қылмыстық көлік) немесе толық кедендік тазартудан өтпеген, тіркеу мемлекетінен есептен шығарылмаған, сондай-ақ 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автокөліктер.

 Көліктің Қазақстан аумағына қашан кіргені қалай анықталады?
 Көліктің кіргізілген күні ҰҚК Шекара қызметінің деректері негізінде анықталады. Бұл процесс толығымен автоматтандырылған. Егер көлік жайлы ақпарат Шекара қызметінде болмаса, бұл мәлімет автосақтандыру полисі алғаш рәсімделген күн бойынша айқындалады.
 Азаматтар рөлі оң жақта орналасқан көліктерді заңдастыра ала ма?
Егер автокөлік талаптарға сай келсе, тіркеу кезінде ешқандай кедергі болмайды.
 Автокөліктердің шығарылған жылы мен экологиялық класы бойынша заңдастыруға шектеулер бола ма?
 Заңдастыруға жататын көліктердің жылына және экологиялық класына талаптар қойылмайды.
 Қазақстанда “сары” нөмірлерді бере отырып, уақытша тіркелген “армян” автокөліктерін заңдастыруға бола ма?
 Біздің елде уақытша тіркелген “армян” автокөліктері де заңдастыруға жатады. Оларды кедендік декларациялау талап етілмейді, себебі 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары болып танылады.
 Көлікті заңдастыру үшін қанша төлеу керек?
Негізгі төлем – бастапқы тіркеу үшін алым, ол 200 мың теңге. Қалғаны техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін алынатын төлемдер, олар үшін тағы 13 171 теңге төлеу қажет (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік нөмір мен техникалық паспорт үшін төлем сомасы шамалы өзгереді, өйткені баждар АЕК-ке байланысты есептеледі).
 Заңдастыру процесі қалай жүреді?
 Заңдастыруға өтінішті “Электрондық үкімет” порталы арқылы немесе арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығына жеке өтініш жасау арқылы беруге болады. Ұсынылған құжаттар мен көлік құралы іздестіру базалары бойынша тексеріледі. Одан кейін автокөлік арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығының тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Содан кейін егер талап етілсе, автокөлікке кедендік декларациялау жүргізіледі, 200 мың теңге мөлшерінде бастапқы алым, сондай-ақ техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін мемлекеттік баж төленеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт және мемлекеттік нөмір беріледі.
Заңдастыру кезінде анықталған құқық бұзушыларға әкімшілік сипаттағы шаралар заңдастыру аяқталғаннан кейін қабылданатын болады.
«Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 14 сәуірдегі Заңының 10-бабына сәйкес шетелде тіркелген автокөліктерге Қазақстан Республикасының азаматтарына басқару үшін сақтандару полисі берілмейді.
Ал сақтандыру көлік басқарудың міндетте шарттарының бірі болып табылады.
Ал сақтандыру полисінсіз көлік басқарғаны үшін көлік айыптұраққа жеткізіліп, көлік иесіне Әкімшілік кодекстің 230- бабы 2-бөлімімен 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 34500 теңге айыппұл салынады.
 Сайрам ауданының Ақсукент елді мекенінде орналасқан Мамандандырылған ХҚКО-да шетел көліктерін заңдастыруға болады.
QAINAR KÓZ CАЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ