Зейнетақы дауы

419

«Бейнетіне зейнеті сай емес». Редакцияға шағымданып келген Тельман Спаев ақсақал осылай айтты. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың курстасы Тельман ақсақалдың сөзінше, әйелі Ұлжалғас Спаеваның алып отырған зейнетақысы дұрыс есептелмеген. Салдарынан әйелі 17 жылдан бері – миллиондаған теңге зейнетақыдан қағылған. Әйелінің бармаған жері, қақпаған есігі қалмапты. Жасы жетпісті алқымдағанда әділдік іздеп сотқа да жүгініпті. Бірақ, нәтиже шықпаған. Сондықтан да, зейнеткерлер жанайқайын газет арқылы бұқараға жеткізуді жөн көрген. Сең қозғалмаса да, өзгелерге ой салғысы келеді.

Әлқисса…

– 32 жылдық еңбек өтілім бар. 10 жыл дүкенде сатушы болғанмын. 10 жыл Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесінде жұмыс істедім. Одан соң қорғасын зауытына жұмысқа орналастым. Еңбек кітапшамды қарасаңыздар, үздіксіз, бел жазбай еңбек еткенім көрініп-ақ тұр,-деп бас-тады әңгімесін зейнеткер Ұлжалғас Спаева.

Сондағы мақсаты — зейнет жасына жеткенде, бейнетінің зейнетін көру екен.

 

–Бес бірдей перзентті жетілдіру оңай емес. Училищедегі жалақым — 72 сом еді. Ал қорғасын зауытында істейтіндер 150 сомның үстінде алатын. Сондықтан да қара жұмыстың қиындығын елемей сонда жұмысқа тұрдым. 4 жыл бойы бел жазбай еңбек еттім,-дейді ол.

Дегенмен, Ұлжалғас апай сол кезде «судың да сұрауы бар» деген сөздің текке айтылмағанын ескермепті. Алған қаржысын місе тұтып, ертеңгі күнгі зейнетақысының қамын ойлаумен жүрген көп балалы ана денсаулығынан айырылғанда ғана сан соғып қалады. Дәлірегі, құлағы естімей қалғанда ғана жұмысының қаншалықты зиянды екенін ұғынған. Сөйтіп, зейнетке шығатын күнді асыға күтіпті.

ЗЕЙНЕТАҚЫМ ДҰРЫС ЕСЕПТЕЛМЕГЕН

– 1993 жылы көп балалы ана ретінде зейнеткерлікке шықтым. Еңбек өтілім мен орташа айлық табысымды қоса есептегенде зейнетақымның мөлшері бұрынғы ақшамен — 5146 сомды құрады. Содан кейін жыл сайын зейнетақы мөлшері көбейіп, бүгінгі таңда 72 мың теңге болды. Алайда, жолдасым Тельманның сөзінше, менің зейнетақым — 100 мың теңгенің үстінде болуы керек екен. Бірақ, зейнетақыны арттырып, қайта есептеу кезінде қателікке жол берілген,- дейді Ұлжалғас Спаева.

Осы тұста Ұлжалғас апайдың жолдасы Тельман Спаев сөзге араласты. Ол 2003 жылдың 11 маусымында ҚР Үкіметінің «зейнетақыны арттыру» жөнінде №564 Қаулысы шыққанын, соған сәйкес, зейнеткерлердің зейнетақы мөлшері қайта есептеліп, саралау жұмыстары жүргізілгенін айтады. Ұлжалғас Спаеваның зейнетақысындағы қателік те дәл осы Қаулыны орындау кезінде кеткеніне сенімді. Оған ол төмендегідей дәйектер мен деректерді келтірді.

№654 ҚАУЛЫ ОРЫНДАЛМАҒАН

–Ұлжалғас Спаеваның 1992-1993 жылдар аралығындағы орташа айлық есептік көрсеткішін есепке ала отырып, зейнетақының мөлшерін 13080*0,28-ге көбейткен. Шыққан сомма 3662,40 теңгеге тең болады. Бұл бұрынғы алып отырған зейнетақысынан әлдеқайда аз болғандықтан «зейнетақыны арттыру» Ережесіне сәйкес, бұрынғы 5600 теңгені қаз-қалпында қалдырған. Және барлық есептеулерді осы соммаға сүйеніп шығарған. Бұл дұрыс емес, -дейді Тельман Спаев.

Өмірінің жартысынан көбін есеп-қисапқа арнаған Телман Спаев: «Ереженің 12-тармағында зейнетақының арттырылған мөлшерін есептеу үшін алынатын 2002 жылғы ЭҚОАЖ-ның (26921 тг) ең жоғарғы мөлшері 2003 жылға арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 15 еселенген (13080 тг) мөлшерінен аспауы керек» деп жазылғанын тілге тиек етеді.
–Ал, 13-тармақта 2020 жылғы ЭҚОАЖ мен КҚК ескере отырып есептелген арттырылған зейнетақы төлемдерінің ең жоғарғы мөлшері 2003 жылға арналған 15 еселенген айлық есептік көрсеткіштің 75 пайызынан асырылмайды делінген. Алайда, зейнетақыны қайта есептегенде 26921 теңге есепке алынбай, оның орнына 13080 теңге есептелген,-дейді ол.

КОЭФФИЦЕНТ ПЕН ПАЙЫЗДЫ ШАТАСТЫРҒАН

Ақсақал оған да көніп отыр. Бірақ, сол кездегі мамандардың еңбекке қатысу коэффиценті мен зейнетақының өсу пайызын шатастырып алғанына күйінеді. Яғни, 13080 теңгенің 75 пайызын шығарудың (13080*75 %=9810) орнына, 0,28-ге (13080*0,28=3662) көбейтіп қателескен дейді. Сөйтіп, шыққан сомма — 3662 теңге бұрынғы алып отырған зейнетақыдан тым аз болғандықтан Ережеге сәйкес, бұрынғы 5600 теңге қаз-қалпында қалған. Әйтпесе, бүгінгі күнге дейін асырылған есептеулер мен арттырулар — 9810 теңгенің есебінде жүретін еді деп қамығады.


–Әйелім 17 жылдан бері әр ай сайын 4210 теңгеге (9810-5600) кем зейнетақы алып келді. Бұған инфляциялық пайыздарды қосыңыз. Бір ғана маманның қатесінен қаншама ақшадан қағылып отыр. Алайда, «қарға қарғаның көзін шұқымайды». Талай рет зейнетақыны төлеу орталықтарына барып шағымдандық. Бірақ, олар өзінікін дұрысқа шығарады. Компьютер солай шығарып тұр дейді. Әрине, басында дұрыс енгізген соң, солай «қате» шығарады. Сотқа, прокуратураға да бердік. Тіпті, Елбасыға да бардым, әйелімнің мәселесін айтып. Елбасы тапсырмасын берді. Бірақ, нәтиже шықпады. Бәрінің айтатыны бір. «Базада солай тұр!». Сол құжаттарды қайта бір көтеріп, саралап, мен келтірген дәйектермен салыстырып көруге болмайды ма? Бірақ, қайдам? «Басы ауырмастың жаны ауырмас» деген рас, қой. Біздің мәселе кімге қазық! Бізге кімнің жаны ашысын! Бірақ, көзі қырақты оқырман кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін өзі саралайды деген ойдамын,- деп күрсінді Телман ақсақал.

МАМАН МІНБЕРІ

Әнуар Ілеспаев, Шымкент қаласы бойынша Енбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы:
– Зейнеткер Спаева Ұлжалғас Қазақ ССР-інің «Қазақ ССР-інде азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 14-бабына сәйкес, көп балалы ана ретінде жасына байланысты қарттық зейнеткерлікке шықты. 1993 жылдың 21 сәуірінен, 30 жыл 7 ай жалпы еңбек стажы мен 01.04.1992-31.03.1993 жылдар аралығындағы орташа айлық табысы 6489,63 сом есебінен 5146 сом мөлшерінде қарттық зейнетақы тағайындалған. Тағайындалған зейнетақысының мөлшері бірнеше рет индекстеліп, көбейтіліп, 01.06.2003 жылдан 5600 теңгені құраған. 31.08.2018 жыл еңбек өтілі туралы қосымша құжат тапсыруына байланысты, жалпы еңбек өтілі 32 жыл 5 айды құрайды.
Ұ. Спаеваның зейнетақысын тағайындау мен мөлшерін арттыру Қазақстан Республикасының заң талаптары мен Ережелеріне сәйкес дұрыс есептеліп, бүгінгі күні ай сайын 71691 теңге көлемінде дұрыс (зейнетақы төлемі — 41131 теңге, базалық төлемақы – 30560 теңге) төленуде.

Дайындаған — А.Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №13-14, 1 сәуір 2020 ж