Зейнетақыңызды үйде отырып-ақ ала аласыз. Төтенше жағдай кезінде зейнеткерлер дүрбелең туғызбау керек. Енді банк алдында ұзын-сонар кезекке тұрып, шоғырланудың қажеті шамалы.
Мамандар егде азаматтарға көрсетілетін жаңа қызметтермен таныстырды. Зейнеткерлер зейнетақыларын екі көзден — «Халық банкі» және «Қазпошта» орталықтары арқылы алады.
Төлемдер жүргізетін мекемелердің өкілдері төтенше жағдай кезіндегі егде кісілерге көрсетілетін қызметтердің жаңа тәртібін тәптіштеп түсіндіріп берді. Жалпы, бұл бағытта пошта мекемелерінің тәжірибесі мол. Карантин кезінде енді зейнеткерлерге пошташылар ақшаларын үйлеріне жеткізіп береді. Бұл мақсатқа арнайы мобильді топ жұмылдырылып отыр. Қызметті тек 65 жастан асқан азамттар ғана қолдана алады.
Шымкенттік 100 мыңнан астам зейнеткер зейнетақыларын «Халық банкі» арқылы алады екен. Енді бұл азаматтардың мәселесі жеңілдей түседі. Банкі өкілдері касса арқылы ақша алатын зейнеткерлерді карточкалық жүйеге ауыстыруда. Банк карточкаларына онлайн түрде тапсырыс бере аласыз.
Зейнетақылардың алғашқы бөлігін аудардық деген банк өкілдері 176 банкоматында қаржы жеткілікті дейді. Сондықтан да дүрбелең туғызуға негіз жоқ. Айта кетейік, қалада 140 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Банк пен пошта клиенттерінің денін жәрдемақы алатын азамттар екен. Алайда, бұл тұрғындар ақшаны үйге жеткізіп беру қызметін пайдалана алмайды.
Мақпал Рысбаева