«Жағымды эмоция жақсылық шақырады» – психолог

497

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар анықталғалы жұрттан маза кетті. Дүрбелең, аласапыран, қарбалас, абыр-сабыр басталды. Ел аумағында 16 наурыз-15 сәуір аралығында төтенше жағдай енгізілді. Осы орайда тәжірибелі психолог Ләззат Нұрпейісовамен сұхбаттасып, абдырап қалмау туралы кеңестерін білдік.

– Коронавирус жеткелі ел ішінде «паника» басталды. Бұл жағдайды қалай басуға болады?
– Қазақ халқы сондай дана халық. Қазақтың әрбір сөзі тәрбие. Біздің халқымызда эвфемизм және дисфемизм деп аталатын дүние бар. Дисфемизм дегеніміз – жағымсыз сөздерді үнемі қолдану, айту. Ал енді нені көп айтсақ, біз сол нәрсені шақырғандай боламыз. Ал эвфемизм деген термин – жұмсартып айту. Мысалы, жағымсыз аурудың атын нақты атамау. Жұмсартып, басқа сөзбен айту. Қазір онкологиялық аурулар көбейіп кетті деп айтып жатады. «Көбейіп кетті» деп айту арқылы біз оны көбейтеміз. Халық ондай кезде «ойбай, осындай жағдай болып жатыр екен» деп сол жағдайды іздей бастайды. Көп айтылған сайын көбейеді.
Қазақ аурулардың атауын нақты айтпаған. Тек қана «жаман ауру» деп атаған. Мұның астарында үлкен психология жатыр. Жамандықты шақырмау сияқты. Халқымыз көзі онша көрмейтін адамды да «соқыр» деп атамаған. Оларды жұмсартып «зағип» деген. «Ақсақ» деп те атамаған. «Аяғын сылтып басады» деп сондай нәзік әрі жұмсартып сөйлеген.
Біз тек ауруға қатысты айтып отырмыз. Мына вирус та сондай аурудың түрі. Бұл алғашында басқа елде пайда болды, ақпараты әлеуметтік желі арқылы әлемге тарады. Адамдар сол жайлы ақпаратты көбірек біле бастады. Адам бір ақпаратты оқығанда сол жағдай жанында боп жатқандай әсер қалдырады. Одан кейін адамның ішкі дүниесінде үрей туады.
Адамда сыртқы және ішкі дүние бар. Сыртқы дүниеден келген ақпаратты адам тыңдаған кезде ең бастысы «ол қайда болып жатыр, маған қатысы қандай» деп сауал қою керек. Осы тұрғыдан қарайтын болса, онда ересек адамның позициясында болады. Яғни, жауапкершілік алады. Ересек адам ретінде саналы түрде ойланса, бұдан қорытынды жасайды.
Ал енді дүрбелеңге түсуі, «паника» дейміз ғой. Мұның бірден-бір себебі адам ақпаратты қорқынышты түрде естісе ол эмоционалды әсер етеді. Әсерден бұрын, ол ақпаратқа адам сенетін болса, онда өзін жоғалтып алады. Өзін жоғалтқан адамды қорқыныш меңдейді. Адамның өзі кішкентай болғанымен қорқыныш өте үлкен болады. Қорқыныш пен қобалжу ұлғайса, адам қорғанудың жолын таба алмай қалады. Ол адамның бойында қарсы шығатын күш болмайды. Яғни энергиясы төмендейді. Ал энергия төмендегенде күш қалмайды да иммунитет әлсірейді. Позитивті тұрғыда ойлануға мүмкіндігі болмай қалады. Иммунитет әлсірейді, түрлі ауруларды жұқтыру қаупі артады.

– Адамдар «паникадан» шығып, психологиясындағы ауруды жеңу үшін не істеуі керек?
– Расында да бұл – көпшілкке келіп жатқан қиындық. Статистика бойынша, ғалымдардың айтуы осы бір індеттен қарапайым ғана тұмау деп елемейтін аурудың өзінен қаншама адамдар көз жұмған. Мұны мен бір мысалмен айтып өтейін. Қазір аурудан сақтану үшін бетперде алып жатыр. Яғни маска. Қазір бұл бет перделерді дәріханалардан таба алмайсыз. Бірақ көшеде байқайтын болсақ, бірең-сараң адам болмаса көпшілігі маскасыз жүр. Адамдар көбінесе масканы өзінің ішкі қобалжуын басу үшін алады. Оны алғанымен тақпайтындары қаншама. Бұл маска – физиологиялық қорғаныс. Сол сияқты адамдарда психологиялық қорғанысы да болады. Бұл үшін ең алдымен әрбір адамның бойында жауапкершілік болу керек. Ол дегеніміз әрбір адам өзінің жеке басының гигиенасын сақтау арқылы бойындағы күшке сену керек. Қорғана алатынына сенуі шарт. Ең бастысы осы. Адам дұрыс тамақтану, спортпен айналысу, жеке басының тазалығын сақтау арқылы иммунитетін көтереді. Энергиясын күшейтеді. Сақтық шараларын қолдану арқылы әр адам өзі үшін жауапкершілік алған дұрыс. Бұл жағдайды өзін қорқыту емес, қалай жасасам дұрыс істеймін деп ойлану керек. Міне, осылайша адам ауруды жеңуге жан дүниесін дайындайды.
Адамдарға жағымсыз ақпаратты көп оқымауға кеңес беремін. Біз көбінесе жағымсыз жақты көбірек оқып, оны өзімізге шақырып аламыз. Одан гөрі жағымды жағын іздеңіз. Өзіңіз және отбасыңыз, дос-жаран, туған-туыстарыңыздың амандығы үшін жауапкершілікті сезініңіз. Жауапкершіліктің не екенін жоғарыда айтып өттім. Тағы бір айтарым, көбірек жақсы ой ойлаңыз. Ол үшін әр адам өзінің ішкі күшіне сенуі керек. Кез келген адамның бойында керемет үлкен энергия болады. Адам неғұрлым жағымсыз нәрсе ойланса, жағымсыз әңгіме айтқан сайын күші төмендейді. Сіз ол энергияны керісінше ауруға қарсы тұруға дайындаңыз. Бұл үшін психологиялық тұрғыдан дайын болуыңыз шарт. Біреуге ақыл айтпаңыз. «Сен қолыңды күніне осыншама рет жуу, мынадай тазалық шараларын сақтан!» деп айтудың қажеті жоқ. Бұл сол адамның жеке шекарасын бұзғанмен тең. Адамдар ақыл айтуды ешқашан ұнатпайды. Сіз тек өзіңізге және бірге туған жақындарыңызға ғана айтыңыз. Осылайша жеке шекараңызды сақтай отырып, іспен басқаға үлгі болған дұрыс.

– Қазір балабақшалар мен мектептер жұмысын тоқтатты. Балалардың үйдегі уақытын қалай пайдалы етіп өткізуге болады?
– Баламен үйдегі уақытты тиімді өткізу үшін тек витаминдері көп тамақтар бере бермей әртүрлі жаттығулар да жасата білу керек. Балалар ойын-сауық орталықтарынан кездестіретін нәрсені мүмкіндігінше үйде жасауға тырсу керек. Мысалы отбасы мүшелері бәріңіз тамаша фильм көріңіздер. Оны талқылаңыздар. Балабақшаға баратын балалар үшін қарапайым ғана қамырды тұзын көптеу қылып илеп, содан әртүрлді мүсіндер жасасаңыз болады. Тұзы ащы қамыр, адам бойындағы қандай да бір жағымсыз ойлардың сыртқа шығуына көмектеседі. Адам ағзасындағы барлық нүктелер алақан мен табанда болады. Сол қамырды алақанмен ұстау арқылы жағымсыз энергиядан арылады. Қамыр мен балшық осы жағдайда өте пайдалы. Бұл жүйке жүйесін де тыныштандырады. Адам бойында қуаныш сезімін, өзін бағалау сезімін оятады. Ал мектеп жасындағы балалардың өзімен санасқан дұрыс. Қандай да бір жаттығуларды бірігіп жасаса ол адамның күші артып, көңілі көтеріледі.

– Егер адам бойын жаман энергия жаулап алса, одан қалай арылуға болады?
– Мүмкіндігінше жақсы сөз айтыңыздар. «Біздің отбасына келіп қалса, не істеймін» деп ойламау керек. Осы бір «келіп қалса» деген сөздің өзі адамға әсер етеді. Өйткені ол жерде эмоция бар. Ал эмоция денеге міндетті түрде әсер етеді. Денеге әсер еткен эмоция сол жағдайды қабыл алады. Жақындата түседі. Жағымсыз эмоцияға берілмеу керек. Керісінше жағымды эмоцияны қалыптастырған абзал. Егер бойыңызда жағымсыз энергияның бар екенін сезінсеңіз одан да арылудың тәсілі бар. Тұзды суға шомылу адамды жеңілдетеді. Үйді адыраспандау да көмек болады. Осылайша өзіңізді жеңілдетіп алған соң, тек жақсылықтан үміттеніңіз. Болып жатқан шындықты елеусіз қалдыруға да, өзін де, айналасындағыларды да қорқытып, дүрбелеңге түсудің де пайдасы жоқ. Айтылып жатқан қауіпсіздік шаралары мен ережелерді ұстану маңызды. Әр адам өзін, жақындарын қорғап, көпшілік орындарға бармағаны дұрыс. Айтылып жатқан ережелерге құлақ асқан жөн.
Осы кезді қиын кез деп қарасақ, бұл да өткінші. Жақсылықты шыдамдықпен күткен дұрыс. Әсіресе, денсаулығы сыр беріп жүрген егде адамдардың қауіпсіздігіне мән берген дұрыс. Кез-келген жағдайдан жақсылықты іздеген орынды. Жер бетінде, елімізде амандық пен тыныштық болғай!

– Кеңесіңізге рахмет!

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №12, 18 наурыз 2020 ж