Үкіметтік комиссия Мақтааралда. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына келді.

Ең алдымен Роман Скляр Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге Өргебас ауылына ат басын бұрып, ондағы үйлерді судан тазарту жұмыстарының барысымен танысты. Үкіметтік комиссия төрағасы мұнан соң Фирдауси ауылына барып, ондағы су тарту, үй аулалары мен көше бойларын тазарту жұмыстарын көрді. Бүгінде мұнда топан су құрсауында қалып, қабырғалары құлаған үйлерді бұзу жұмыстары да қыза түскен. Сонымен қатар ауылда инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылымдар ретке келтірілуге көшкен.Мұнан соң премьер-министрдің орынбасары Мырзакент маңындағы 70 гектар аймақтағы жаңа шағынауданның құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Мұнда қазір 28 мердігер компания топан су астында қалған Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдарының тұрғындарына арнап 100 шаршы метрлік біркелкі 437 үйдің құрылысын жүргізуде. Осындағы мердігер компания басшыларымен кездескен премьер-министрдің орынбасары салынып жатқан үйлердің сапасына мән беріп, межеленген мерзімде бітіруді тапсырды.Ал облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қазіргі кезде жергілікті жұрт үшін барлық әлеуметтік көмектер көрсетіліп жатқанын айтып, алдағы уақытта орын алған олқылықтар қалпына келтіреді деп сабырға шақырды.

Мөлдір Бекеева