Өргебас пен Фирдоуси тұрғындары үйлерін өздері салып алады

331

Мақтаарал ауданындағы Өргебас және Фирдауси ауылдарында қабырғалары қаусаған үйлер мен қора-қопсылардың материалдарын реттеу жұмыстары басталды.

Топан су шайған ауылдарда алдағы екі-үш күнде тұрғындар жаңа үйлердің іргетастарын қалауға кіріседі. Ол үшін ескі материалдардан қалып жасау жұмыстары қыза түскен. Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, қазіргі таңда су басқан 5 ауылда түгендеу жұмыстары жүріп жатыр. Және Өргебас пен Фирдауси елдімекендерінің тұрғындары ешқайда көшірілмейді.

Сондай-ақ, олар үйлерінің құрылыстарын өздері жүргізетін болады. Яғни, бұзылған үйлердің өтемақысы тұрғындарға үкіметтік резервтен кезең-кезеңімен аударылып отырады. Таяуда ғана Үкіметтік комиссия мен тұрғындардың кездесуінен кейін осындай шешім қабылданған болатын.

Бауыржан Бөрібайұлы, Өргебас ауылының тұрғыны: «Төтенше жағдайлар қызметі бізді ауылдан шығарғалы, бүгін енді қайтып оралып отырмыз. Ал бұған дейін біз пәтер жалдап тұрдық, ол жерге әкімшілік қызметкерлері киім-кешегімізді, азық-түлігімізді жеткізіп берді. Керек десеңіз мынау оқушы балдарымызды лагерьге жіберді. Ал қазір ауылда бүгіннен бастап тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Құдай қаласа тазалап болсақ, Үкіметтен қаржы бөлінсе, үй саламыз ба деп үміттеніп отырмыз».

Мөлдір Бекеева