Криминалист саласында қызмет ету – кез келген адамның қолынан келе бермейді. Себебі, әрбір істің артында адам тағдыры тұратындықтан жұмыс барысы білім мен біліктілікті, әрі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, бұл саланы көпшілік бір ғылымға теңейді.

Түркістан облысына қарасты Арыс аудандық полиция бөлімінің Жедел криминалист тобының криминалисті Алихан Әмір жас болса да жауапты қызметті абыроймен атқарып келеді. Әрдайым оқиға орнына жылдам жететін ол, бүгінге дейін біршама қылмыстың ашылуына ұйытқы болған.

— Әр сәті қарбалас пен қиындыққа толы тәртіп сақшыларының жұмыс бағамы ең алдымен ашылған қылмыстармен бағаланады. Сондықтан болар, қылмыстарды ашуда криминалистердің атқаратын жұмысы өте жауапты. Әрдайым тынымсыз ізденіс үстінде жүреміз. Өзге салалар бойынша да білімімізді жетілдіріп, көп оқимыз. Түрлі тәсілдер бойынша тәжірибе жинақтап, іс жүзінде қолдануға тырысамыз — дейді ол.
Лейтенант шенін иеленеген Алихан ауданда орын алған көлік ұрлығының ашылуына ұйытқы болған. Одан бөлек, пәтер ұрлығын жасаушыларды да анықтауға өз үлесін қосыпты. Күдіктілердің кінәсі толығымен мойындалып, соттың шешімімен жазаға тартылған.

— Арыста ұрланған көлікті Ордасыдан таптық. Сонымен жедел саусақ іздерін анықтау арқылы, күдікті де құрықталды. Ал, үйіндегі күнделікті тұтыну заттарының қолды болғанын айтып арызданған Арыс қаласының тұрғынының үйін зерделеу барысында досы қылмыскер екендігін анықтадық. Бүкіл айғақты алдына қойғанымызда ол да кінәсін толық мойындады – дейді А.Мекенбайұлы.

Естеріңізде болса, өткен жылы Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай көпшілікті үлкен әбіргерге түсірді. Әскери қоймада бол¬ған апат бейбіт өл¬кенің жайбарақат тіршілігін бір-ақ сәтте астаң-кестең етті. Тәртіп сақшылары мен әскерилер табанды еңбек етіп, күндіз-түні қалқысыз қызметімен көрінді. Өздерінің өміріне қауіп төніп тұрса да тәуекелге бас тігіп, тұрғындарды қаладан тегіс эвакуациялау жұмысын атқарды. Сол арпалыстың ішінде Алиханда болды.

— Жарылыс орын алған күні мен кезекшілікте болдым. Сонымен арпалыс басталып кетті. Қызметтік көлікке адамдарды сыйғанынша мінгізіп, қыр жақтағы қауіпсіз жерге тасыдым. Жол бойындағыларды да сонда қарай бағыттадым. Қырда үш жүзге жуық халық жиналды. Арасында оларды сабырлыққа шақырып, біршамасына алғашқы көмек көрсеттім. Жарылыс орын алған күндері қаладан шықпай, ішкі қауіпсіздікті қадағалап жүрдік. Қаланың ішінде адам қалып кетпеуін бақыладық. Кейіннен әскерилер келді – дейді лейтенант.

Қаланың кішкене тұрғыны 4 жасар Ұлан сол күні өзге балалар секілді аулада ойнап жүрген. Жарылыс орын алған сәтте, бүлдіршіндер жан-жаққа қаша бастаған. Отбасынан адасып қалған Ұланды жол бойынан көрген Алихан көлігіне мінгізіп алыпты. Полиция ғимаратына алып келгенде, жарылыстың салдарынан қабырғалар қозғалып, терезе сына бастаған. Содан, бала үшін қауіпсіз жер болмағандықтан, күні-бойы қасынан тастамады. Халықты қауіпсіз жерге шығару жұмыстарымен жүргенде қастарына снаряд түскен. Бірақтан Алла қолдап, жарылмапты. Кейіннен Алихан әлеуметтік желілер арқылы Ұланның ата-анасын тауып, балаларын ешбір жарақатсыз қолдарына табыстады.

— Біз не істерімізді білмей қалдық. Қалада үлкен жарылыстар орын алып, халық абыр-сабыр күй кешті. Ата-ана баласынан, балалар әке-шешесінен адасып жылап жатты. Бізде Ұланымызды таппай қалдық. Кейіннен ватсап арқылы баланың суретін көріп, аман-сау екендігіне көзіміз жетті. Әрі полиция қызметкерлерімен бірге екендігін есітіп, қорқынышымыз сейілді. Немеремді құтқарып қалған полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіремін – дейді Ұланның атасы Әуезхан Асанов.

Бүгінде жас полицейдің қоғам үшін жасаған игі ісін жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін аңыз етіп айтып отырады. Ал, табанды ерлігін арыстықтар балаларына үлгі етеді. Әр көрген сайын да алғыстарын айтып, жұмысына сәттілік тілейді. Қиын кезеңде үш жүзге жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз еткен бүгінгі күннің батырына мемлекеттік марапаттың берілмегендігіне қынжылады. Ал, жас полицей «Бұл менің азаматтық борышым. Мен үшін елдің алғысынан биік марапат жоқ» деп біледі.

Алихан Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылында 1997 жылы туылған. Жергілікті жердегі орта мектепті бітірген соң, Қарағандыда жоғары білім алды. Кентау қаласында анықтаушы болып, тәжірибесін шыңдаған жас маман, еңбек жолын Арыс аудандық полиция бөлімінен бастап отыр. Лейтенант ұжымда өткен әрбір шараға белсене қатысады. Бос уақытын спорт залда өткізеді. Жүгіреді, жаттығады. Ал, футбол ойнау сүйікті ісі. Тәртіп сақшысы болуды бала кезден армандаған ол, «Алдағы уақытта ашылмаған қылмыстардың санын азайтуға бар үлесімді қосамын» — дейді.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ