Криминалист болу нәзікжандыларға оңай ма?

665

«Жастар жылына» орай Шымкент қаласы Полиция департаментінде жас мамандарды қолдау табуда. Қиындығы мен қауіптілігі қатар өрбіген құқық қорғау қызметінде ерлермен қатар ару-аналарымыз да қызмет етуде.

Әйел полицейлер мамандық сырларын терең меңгеруде ерлерден кем түспей келеді. Бүгінгі күні нәзік жандылар ішкі істер органдарының барлық бөліністерінде жемісті қызмет өткеріп жүр. Қызметте кәсіби шеберліктерін ұштап, жедел-қызметтік міндеттерді атқаруда асқан табандылық танытып жүрген қыздарымыз жетерлік. Солардың бірі – Шымкент қаласы ПД Абай АПБ ЖКБ криминалисті Тоғжан Рысқұлбекованы атап өткіміз келеді.

Полиция аға лейтенанты Тоғжан Рысқұлбекованың күнделікті қызметі таңертеңгілік нұсқаулықтан басталып, таңның атысынан кештің батысына дейін қылмыс пен құқық бұзушылықтар орын алған жерлерге барып, фотосуретке түсіру, іздерді алу, алынған іздерді базаға енгізіп, базадағы мәліметтермен салыстырмалы тексеру жүргізу болып табылады. Бір қарағанда криминалист мамандығы өте қызық, ал бір жағынан неше түрлі жерлерге барып, өлтіріп кеткен адамдарды түсіру қыз баласына қиын екені белгілі.

Криминалист Тоғжан Рысқұлбекова: «Қызмет болған соң, ер, әйел деп бөлінбейді. Погон таққан соң, кез-келген тапсырманы орында, өзіне жүктелген міндеттерді атқаруымыз керек. Өзім таңдаған сүйікті мамандығым болған соң, ел үшін қызмет етуге әрқашан дайынмын», – дейді.

Тоғжан жастайынан форма киюді армандайды. Сол арман оны Қарағандыдағы жоғары оқу орнына жетелейді. Заңгер мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын қылмыстық атқару жүйесінде бақылаушы болып бастаған ол кейін ақпараттық аналитикалық орталықта қызмет атқарады. Тәжірибе жинақтаған жас маман Шымкент қаласы Абай ПБ кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы болып ауысады. Қазіргі таңда Шымкент қаласы ПД Абай АПБ ЖКБ криминалисті болып қызмет етуде. Қызмет атқарып жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, сахналарда өнер көрсетіп жүреді. Бос уақытында спортпен айналысқанды ұнатады.

Күнделікті атқарып жатқан жұмыстардың қиындығына қарамастан, нәзік жандылардың табандылығы, төзімділігі, қырағылығы, қарапайымдылығы, өз істеріне деген сүйіспеншілігі кімді де болса қайран қалдыратын анық. Ендеше, мереке қарсаңында ғана емес, ел тыныштығын күзеткен аруларды әрқашан ардақтайық!