Фирдоуси ауылының кей тұрғындары өз үйлеріне оралып жатыр. Бірі баспанасын бақылап жүрсе, енді бірі қонысына қайта көшіп келген. Халыққа алғысын жаудырған тұрғындар азық-түліктен таршылық көрмегендерін айтады. Енді олар қаржы бөлінсе, өз үйлерін өздері салуға дайынбыз деп отыр.

 


Он күн бұрын ғана егіні жайқалып тұрған Фирдоуси ауылының бүгінгі күйі осы. Айналада құлаған үйлер, иесіз қалған төрт түлік. Ал, үй аулаларында апаттың белгісіндей сасық сулар сіңбеген. Үлкен зақым келген ауылдың орталығынан тірі жанды табу қиын. Тек құлаған үйінен қажет затын іздеп жүргендерді кезіктіруге болады.


Абдулуахаб Файзиев, Фирдоуси ауылының тұрғыны: «Арнайы орындарға  адамдарды жатқызады. Біз үлгерген жоқпыз. Пәтер алып отырмыз қазір. Ана жақта адам көп екен. Кішкентай шақалақтары болғасын, басқаларына кедергі келтірмесін дедік».


Ал, ауыл шетінде жүрген жан көп. Себебі бұл аумақтағы үйлер бүтін. Тек қолқаны қабатын иіс бұл маңнан да қатты сезіледі. Осыған қарамастан жұрт өз үйлеріне панасыз қалған туыстарымен көшіп келіп жатыр. Егіні суға кетіп жұмыссыз қалған олар өз үйлерінің құрылысын жасауға дайынбыз дейді.


Шадир Саддин, ауыл тұрғыны: «Ақшасын берсе, өзіміз саламыз. Ақшасын нақты айтқан жоқ. Бірақ 17 млн. теңгеге келістік. Оны бөліп-бөліп береді екен. Адамдардың барлығы бос бұл жерде. Егін жоқ, басқа жоқ. Жайлап салып аламыз. Мақта еккенбіз, қауын еккенбіз. Бәрі судың астында қалды. Енді әрбір гектарда 2 тонна мақта берсе, 300-ден болады. Бір гектарда 300 болса, ары қарай белгілі ғой».


Арада екі апта өтсе де ауыл әлі ағып келген су толық тазартылмаған. Төтенше жағдай қызметкерлерінің сөзінше осы уақытқа дейін елді мекендегі Сардоба суының жартысын жинап үлгеріпті. Алда әлі ауылдың жартысы мен егін алқабы бар екен.

Төтенше жағдай қызметкерлері ауылдан суды апта соңына дейін сорып бітеміз деп сендірді. Осыдан кейін ғана қираған үйлерден тазартуға кіріспек. Айта кетейік, әзірге ауылда қанша үйдің жермен-жексен болғаны белгісіз.

Назерке Үкібасова