Енді қазақстандықтар ХҚО-ға кезек уақытын алдын ала брондап барады. Бұл жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Кешеден бастап Қарағанды, Ақтау және Орал қалаларындағы бірнеше халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы қайта жанданып, жаңа форматта қызмет көрсете бастады. Алғашқы жұмыс күні онда 2038 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың 70%-дан астамы алдын ала брондау арқылы қамтамасыз етілген. Қалғандары сол жерде бронь жасаған немесе операторлардың босауын күткен.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коронавирус пандемиясы қауіпінің сақталуына байланысты мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа форматын ұсынды, оған сәйкес азаматтар ХҚО-дан тек «қағаз жүзіндегі» қызметтер мен онлайн түрде рәсімделген қызметтердің нәтижелерін ала алады. Бұл ретте қызметтерді тек алдын ала жасалған брондау арқылы алуға болады. Халыққа қызмет көрсету орталығына кезек уақытын egov.kz порталы немесе 1414 нөміріне қоңырау шалу арқылы белгілеуге мүмкіндік бар.
«Сондай-ақ, кезекке тапсырыс берген клиенттердің қатаң түрде белгіленген уақыт аралығында келу керектігін ескертеміз, себебі бронь уақыты өтіп кетсе, қайта брондау рәсімін жасау керек. Сонымен қатар бронь барысында тіркелген ЖСН иесі ғана электронды кезекті пайдалана алады», делінген ресми хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 4-мамырдан бастап төтенше жағдай тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі штабтардың шешімімен бірқатар аймақта халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылды. Мәселен, Қарағанды, Ақтау және Орал қалаларында жеке тұлғаларға қызмет көрсету үшін алдын ала брондау арқылы ХҚО-лар ашылды, ал Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында ХҚО-лар тек шағын және орта бизнеске қызмет көрсетуге міндеттелген.
Мөлдір Бекеева