Мақтааралда су басқан ауылдардан 900-ден астам мал өлексесі шығарылды. Бұл туралы Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдері мәлімдеді. Ауылдарды тазалау жұмысы әлі де жүргізіліп жатыр. Қазір мамандар қызыл судың салдарынан қып-қызыл шығынға батқан шаруаларға өтемақы төлеудің қамына кіріскен.

Мақталы алқаптағы ағайын тек егіншілікпен ғана емес, малшаруашылығынан да күнделікті нәпақасын тауып келген. Су тасқыны салдарынан кей тұрғындар үйірдегі жылқысынан, табындағы қара малынан, отардағы қойынан жұрдай болды.

Бала-шағаның күнделікті айран-сүтіне жарап тұрған жалғыз сиырға қараған Сапаровтар отбасы су тасыған күні үй жануарларын обалсынып босатып кетіпті. «Судың беті қайта бастады» дегенді ести салысымен ауылға қарай ағылған тұрғындар ең алдымен малдарының жайын жасамақ болған.

Қазір су астында қалған 5 ауылда малдардың өлекселерін жою үшін арнайы бригада жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда елдімекендерден 924 малдың өлексесі шығарылды.

Ветеринарлардың сөзіне қарағанда өлекселердің көпшілігі Өзбекстан Республикасынан ағып келген. Облыстық ауылшаруашылығы саласы өкілдерінің сөзіне қарағанда, бұл елдімекендерде су шайғанға дейін ірілі-ұсақты 4 мыңға жуық мал тіркеліпті.

Тұяқтылардың дені Жаңа жол ауылдық округіне тиесілі екен. Түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мамандар осы аумақтағы үй жануарларының нешесі су тасқыны кезінде жоғалғанын дөп басып айта алмайды. Ал өтемақы тек сырғаланған, яғни басқарманың мәліметтер базасында тіркелген тұяқтыларға ғана төленеді.

Ағабек Әбдиев, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы: «Малдың суреті мен дәлелдейтін құжаттары талап етіледі. Заңға сай өтемақы төленеді. Суға батқан малдардың шығынын өтеу үшін қазір жергілікті халықтан өтініштер қабылданып жатыр. Содан кейін тізім жасалынып, шығын көлемі анықталады. Ал, заңға сәйкес тиісті құжаттарын рәсімдемеген тұрғындар бұл төлемнен қағылады».

Мақпал Рысбаева