ҰБТ

Шымкенттегі мектептерде түлектер үшін соңғы қоңырау соғылып, олардың ҰБТ-ға қатысатыны белгілі болды. Бұл жөнінде Шымкент қаласының бас педагогы — Жанат Тәжиева мәлімдеді.

Мэрлан Ернишев — қаламыздағы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның 11- сынып оқушысы. Қазіргі уақытта күн сайын арнайы өзі түзген кестеге сай үй жағдайында заманауи бағдарламаларға сүйеніп, ҰБТ-ға дайындығын пысықтап жүр.

Мэрлан Ернишев

Мэрлан Ернишев, 11-сынып оқушысы: «Қазіргі уақытта 5-сыныптан бастап, 11-сыныпқа дейінгі кітаптардың барлығын қайталап жатырмын. Бізде қашықтықтан оқыту болғаннан кейін ұстаздармен жеке байланыс — «ватсап», «телеграмм» арқылы жүзеге асуда. Мен болашақта мұнай бағытын таңдағандықтан, қазір физика-математикаға ден қойып дайындалудамын».

Шәкірттің алдағы мемлекеттік сынаққа дайындалуында мұғалімдері қашықтықтан қолғабыс жасаса, жанына анасы жайғасқан. Гүлнара Ернишеваның айтуынша, қазіргі кезде жарты күнін перзентіне арнап, оның білім грантын жеңіп алуы үшін атсалысуға көшкен.

Гүлнара Ернишева

Гүлнара Ернишева, ата-ана:»Енді баяғыдай мұғалімдері жоқ қасында, арнайы курсқа деп те жіберетін едік, ол да жоқ қазір. Сосын, сабағын өзім қадағалап отырмын. Әр уақытты тиімді пайдалану үшін бөліп қойғанбыз, мынау уақытта «Балапан» телеарнасынан сабақ аласың, мынау уақытта кітап оқисың деп. Енді балам грантқа түссін деп армандап отырмыз, уайым да жоқ емес».

Шымкентте бұл оқу жылында бұл шәкірттен бөлек, 8470 оқушы мектеп бітіреді. Оның 6840-ы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіріп отыр. Бұл үшін Шымкентте арнайы тестілеу өткізуге 4 бекет те бекітіліп қойған.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Шымкентте ҰБТ 20-маусым мен 5-шілде аралығында өтеді. Мемлекеттік сынақты өткізу үшін  4 жоғары оқу орындарының ғимараты бар. Ал биылғы жылдың өзіндік талаптары да ерекше екенін айтқым келеді, егер оқушы ҰБТ-ны өткізудің барысында ұялы телефон немесе басқалай да қосымша ақпараттық құралдармен ұсталса, түлек екінші рет тестке жіберілмейтін қатаң талаптар қойылған».

Биыл қорытынды аттестаттау емтихандары өткізілмейтіні ескеріліп, оны салтанатты түрде табыстау рәсімі алдын-ала яғни маусым айының 3-і мен 4-і күндерінде өткізілмек. Оған оқушылар мектеп формасын киіп келуі міндеттеліп отыр.

Жанат Тәжиева

«Ол күндері мектептердің ауласында яғни ашық аспан астында оқушылардың қауіпсіздігін сақтай отырып, санитарлық нормаларға сай талаптарды ескеріп, оқушыларға аттестаттарын тапсыруды жоспарлап отырмыз. Әрине ол шараға тіпті ата-аналар да қатыспайды. Одан бөлек, мектеп бітіру кеші болмайды,  оқушыларға түрлі көліктерге мініп тойлау немесе басқа бір жерлерге жиналу, ата-аналар тараптарынан той кештерін өткізуге қатаң тыйым салынатынын ескертеміз», — дейді Жанат Тәжиева.

Осылайша, сақтық шаралары үшін мектеп бітіру кештері де өткізілмейтін болыпты. Есесіне, биыл «Алтын белгіге» үміткерлер саны артқан, яғни 546 оқушы. Бұл — былтырғымен салыстырғанда 145 оқушыға артық.

Мөлдір Бекеева