Шу шығарған ақ халаттылардың мәселесі ақыры шешілді

212

Шымкенттегі жедел-жәрдем қызметкерлері мен стерилизация орталығының мамандары үстемақыны толық алмай келген. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары мәлімдеді.

Тіпті, стерилизация орталығының ақ халаттылары осы уақытқа дейін өздеріне тиесілі не қосымша ақы, не жәрдемақы, не үстемақының көлеңкесін де көрмеген. Бүгінде ақыдан қағылған қызметкерлердің басшысы жұмыстан кетті.

Ербол Садыр, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Залалсыздандыру орталығының бас дәрігері жұмыстан шығарылды. Себебі ол осы уақытқа дейін қол астындағы қызметкерлеріне жалақыдан өзге ақы бермеген. Медицина мамандары не үстемақы, жәрдемақы, не қосымша ақы алмаған. Мұның барлығы да арнайы комиссия құрылып, өткізілген тексеруден кейін анықталды».

Айта кетейік, бұл былықтардың барлығы өткен аптада жанайқайын жеткізген жедел жәрдем қызметкерлерінің наразылығынан соң ашылды. Арнайы құрылған комиссия олардың да арызы бекер емес екенін анықтады. Енді оларға толық жетпеген үстемақы тағы да үлестірілетін болды. Ал, заңсыздыққа жол берген жауаптылар жауапсыз қалмайды деп сендірді Ербол Садыр.

Ербол Садыр, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Жедел-жәрдем қызметкерлерінің мәселесінде, ешқандай заңсыздық анықталған жоқ. Тек олардың шақырылымға шыққандағы санақ дұрыс есептелмеген екен. Оның барлығы қайта қаралып шықты. Анықталғандай, шопырларға 125 мың теңге, фелдьшерлерге 25 мың теңге, санитарларға Халық банктен 40 мың теңге бөлінді».

Назерке Үкібасова