Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зәбір көргендер екі еселенген. Мәселен, бұған дейін тәртіп сақшыларына тәулігіне тұрмыстық жанжал бойынша 1000-1200-ге жуық қоңырау келіп түскен болса, карантин кезінде олардың саны 2500-ге жетіпті. Бұл деректер төтенше жағдай режимі кезінде тіркелген. Қалада қылмыстың қай түрі едәуір төмендеді және себебі неде? Бұл сұрақтарға Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы жауап берді.
16-наурыздан 11-мамыр аралығындағы Төтенше жағдай кезінде Шымкентте тәртіп қатаңдап, көпшілік орындарға баруға тыйым салынды. Коғамдық орындарда көптеген шектеу шаралары енгізілді. Осы кезде әдетте миллионды қала — Шымкенттегі көш бастайтын қылмыс түрі азайған. Мұның себебін қаланың бас полицейі тұрғындардың үйде болуымен байланыстырып отыр.
Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қаласы ПД бастығы, полиция генерал-майоры: «Қала халқын мазалайтын мәселе — ұрлық қылмысы, ол ұрлық қылмысы 61 пайызға азайды. Қала тұрғындары карантин кезінде полицияға көмектесті. Өздерінің жағдайларын жасады. Көбісі үйде болды. Бір себебі солар болды, одан кейінгі екінші себебі — қалада қойылған блоккеттерде тәулік бойы жұмыс істеген полиция қызметкерлерінің еңбегі деп ойлаймын».
Ералы Жұмаханбетовтың айтуынша, ұрлықтан бөлек, тонау қылмысы да 49 пайызға төмендеген. Өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым азайып отыр екен.
«Бұзақылық, көшеде болған бұзақылықтар да кездесті. Енді ол 52 пайызға азайды. Негізі карантин кезінде қылмыстар едәуір төмендеп отыр, себебі тәртіп сақшылары күшейтілген жұмыс тәртібінде қызмет атқарды», — дейді Ералы Мұсаәліұлы.
Есесіне, үшінші мегаполисте дәл осы төтенше жағдай мен карантин режимі кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жәйттері артқан. Учаскелік полиция инспекторалырының дені — дәл осы фактілерді қарап, арыз-шағым қабылдаған. Құқықбұзушылыққа жол бергендер арасында қамалғандары да, айыппұлмен құтылғандары да бар.
Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қаласы ПД бастығы: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық
бойынша бұрын 1 күнде 1000-1200 хабарлама келіп түсетін болса, ал карантин кезінде 2000-2500 хабарлама түсті. Оның бәрі үйдегі тәртіп бұзушылық, тұрмыстық қылмыстардың болуы. Ия, олардың бәрі көбейді. Бірақ енді көбінесе әкімшілік құқық бұзушылықтар болды. 4-сәуірден 11-мамырға дейін 1000-дай әкімшілік хаттама толтырдық, оның 80-пайыздайы сотқа өтті».
Шымкенттің бас полицейі қалада алдағы уақытта қылмыс пен құқықбұзушылық жәйттері еселей кемитініне сенімді. Себебі, халықпен кездесуді, әсіресе шалғай аудан-ауылдарға жиі бұрылуды, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Шымкентте орын алған қылмыстар өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға төмендеген.
Мөлдір Бекеева