Шымкентте 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Биыл жаңа оқу жылында олардың 9 -ы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар биыл 15 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. 17 спорт алаңшасы бой көтереді. Бұл білім саласында бұрын-соңды болмаған жағдай дейді құрылысты аралаған шаһар басшысы.Мұрат Әйтенов жауапты басқарма басшыларымен бірге күрделі жөндеу және құрылыс жүріп жатқан №4-ші, 17, 63 мектептерде болып, мердігерлерге білім ошақтарын кестеге сәйкес бітіруді және де сапасына аса мән беруді тапсырды.
№4-ші мектептің қосымша оқу ғимараты осыдан 20 жыл бұрын салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Құрылыс барысында мектептің еденінен бастап терезелері, жылу, су жүйесі мен шатыры толық жаңаланады. Наурызда жұмысқа кіріскен мердігер компания нысанды биыл жаңа оқу жылында тапсырмақ. Ғимараттағы құрылыс барысымен етене танысқан қала басшысы мердігерлерге сын ескертпесін де жеткізді.
Қала әкімі білім ошағындағы оқу құралдары мен жиһаздарды, мектептің ауласындағы бос алаңдарды тиімді пайдалану бойынша бірқатар ұсыныстарын да айтып қалды.
«Әзірге бір жерге жинап, керек ететін мектептерге беру керек. Парталарды, басқа құрал жабдықтарды да».
Өткен ғасырдың 40 — жылдары салынған мектептің бас ғимараты алдын әскери госпиталь, соғыс аяқталғаннан бері мектеп ретінде пайдаланылып келген. Соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 2011 жылы жүргізіліпті.
Келесі нысан №17 мектептің жанында бой көтеретін 300 оқушыға шақталған 3 қабатты қосымша ғимараттың құрылысы. Жобалық — сметалық құжатқа сәйкес нысан өтпелі, келесі оқу жылына тапсырылуы тиіс болатын. Қазу жұмыстары аяқталысымен ғимараттың іргетасы қаланады. Мердігер нысанды кестеден бұрын бітіруге тырысамыз деп уәде берді.
«Жобалық — сметалық құжат бойынша 2021 жылы тамызда бітіруіміз керек. Енді өзгеріс енгізіліп жатыр. Биыл қарашада аяқтауға тырысамыз. Мына жерде сарай, әжетханалар болған, соның барлығын бұзып, қазір тегістедік. Жертөлесінде жылу жүйесі болады. Құрылыс талапқа сай жүргізіледі». дейді мердігер мекеменің прорабы Тұрмағанбет Бекмұратов.
Шынар Оразова