АТА-АНАЛАР АУЛАЛАРҒА АЛАҢДАЙДЫ
Шымкентте әткеншектен құлаған бала бас миы шайқалып, ауруханадан бір-ақ шықты. Аңдаусызда жығылған бүлдіршіннің анасы бұл жағдайға алаңқайдың дұрыс жасақталмауы себеп болды дейді.
Осыдан бір ай бұрын абатттандырыла бастаған аула құрылысы әлі де аяқталмаған. Осы тектес оқыс оқиғалар абаттандыру жұмыстарына жауапты шенеуніктерге қаншалықты сабақ болды? Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер аулаларының қазіргі ақуалы қалай?
Жазатайым жағдай Қазыбек би көшесі бойындағы осы аулада орын алған. 9 мамыр күні 3 жасар Тимурды әпкесі алаңқайға алып шыққан. Аяқ астынан әткеншектен аунап кеткен балақай жерге баспен түскен. Анасының бір ғана талабы бар. Балалар қауіпсіздігі үшін ойын элеметтері орнатылған алаңдарға жұмсақ төсеніштер төселсе дейді.
Қымбат Қасқырбаева, анасы: «Резіңке төсеніштер орнатылса екен. Бұл болашақта басқа да балалардың қауіпсіздігі үшін қажет».
Аулалардың абаттандырылуына жауапты жергілікті аудандық әкімдіктегілер екен. Алайда, Әл-Фараби ауданы аумағында орын алған осы жәйтке қатысты аудан басшысы Ғабит Мәуленқұловтан қандай да бір сұқбат алудың сәті түспеді.
«Мәселенің мән-жайын анықтаймыз» деген аудан әкімінің шын мәнінде уақыты тығыз болды ма, білмедік, тіпті телефон қоңырауына жауап беруден қалды.
Ал бұл әткеншек «Нұрсәт» шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласында тұр. Қақ бөлінген ойын элементіне балалар өздігімен отыра да алмайды. Құлап қалудан қорқады.
Ал құрылғанына тіпті бір ай да болмаған жаттығу алаңдарының сыйқы мынау. Тұрғындар сынған құрылғыларды жамап-жасқап әжетке жаратады.
Бұл ауладағы допты серік еткен футболист балалардың да қауіпсіздігіне де әзірге ешкім бас ауырта қоймапты. «Қоршалмаған алаңқайда ойнап жатқан жеткіншектер кез-келген сәтте доптың соңынан қуып көлік астынан бір ақ шықпасына кім кепіл» деп алаңдайды ата-ана.
Ал аулаларды абаттандыруға аз ақша жұмсалмайды екен. Қаратау ауданы әкімдігі өкілдерінің сөзіне қарағанда бір ауланы абаттандыру шығыны 80 млн. теңгені құрайды. Сапа соған сай ма?
Данияр Сұлтанов, Қаратау ауданы инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы: «Бұл ауланың құрылысы толық бітпеді, 20 мамырға дейін бітеді. Жөндейді, барлық деффектілерді қайта қалпына келтіруі керек. Содан кейін қабылдаймыз. Мердігерлер 3 жылға дейін бұзылған жерлерді жөндеп береді».
Ал Абай ауданы аумағындағы кей тұрғындар мұндай аулаларға да зар. Бұл Темірлан тас жолы бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы. Бұл аумақтың соңғы рет қашан абаттандырылғаны жергілікті халықтың тіпті есінде де жоқ. Қызықсыз алаңша қаңырап бос тұр. Ойын элементтері жарамсыз. Балақайлар көрші аулаға барып ойнайды екен.
Айта кетейік, биыл Абай ауданында 107 ауланы абаттандыру жұмыстары жоспарланып отыр екен. Жыл басынан бері қалада 57 аула абаттандырылып, ел игілігіне беріліпті. Оның ішінде 30 жылдан бері балалар алаңшасы болмаған көпқабатты тұрғын үй аулалары да бар дейді әкімдіктегілер.
Мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында жыл соңына дейін тағы 300 ауланы жөндеу жоспарланған. Бұған қоса спорт алаңдары да биыл түгелімен жаңартылады дейді билік өкілдері.
Мақпал РЫСБАЕВА