Газетімізде бұрыннан бар «Сұрақ-жауап» айдарына енді тұрақты бір бет арнап, әр нөмірде жариялаймыз. Сізді түрлі тақырыптағы сауалдар мазалай ма? Жауабын нағыз кәсіби маманнан білгіңіз келе ме? Онда газетіміздің WhatsApp нөміріне, info@onrabat.kz эл.поштасына хат жазып, редакцияның 8 (7252) 53-54-17 телефон нөміріне хабарласып, сұрағыңызды айтыңыз.
Инстаграмда @onrabat.kz, Фейсбуктағы «Оңтүстік Рабат газеті» парақшасына да хабарласа аласыз.
Әлеуметтен бастап тұрмысқа дейінгі сан сауалыңызға жауап алып береміз.
Осы нөмірде редакцияға келіп түскен сұрақтар әр алуан. Барлығын тиісті сала мамандарына жолдап, жауа- бын беріп отырмыз. Оқи отырыңыз! Бәлкім сізге де қажеті болып қалар.
«Компьютерді білмеу жұмыстан шығаруға себеп емес»
СҰРАҚ: Қаладағы ауруханалардың бірінде мейірбике боп қызмет еттім. Еңбек өтілім – 30 жыл. Алайда, зейнетке шығуыма 1 жыл қалғанда бас дәрігер мені «компьютерде жұмыс істей алмайсың» деген желеумен жұмыстан шығарып жіберді. Бұл қаншалықты заңды?
Оқырман сұрағына Шымкент қаласының еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов жауап берді.
ЖАУАП: Зейнет жасына 2 жыл қалған қызметкерді жұмыстан шығару туралы шешім жұмыс орнының кәсіподағы арқылы шешіледі. Жалпы, жұмыстан шығарудың өзіндік негіздері болады. Мәселен, жұмыс берушінің бастамасы немесе жұмысшының бастамасы, аттестациядан өту сияқты. Бірақ, «компьютерді білмеу» жұмыстан шығаруға себеп бола алмайды. Жұмыстан шығару үшін басқа негіз болу керек. Егер құқыңыздың бұзылғанына сенімді болсаңыз, басшыңыздың атынан шағымдана аласыз.
Ескеретін жайт, заң бойынша аноним, яғни аты-жөні көрсетілген тұлғадан арыздар қабылданбайды. Арызда аты-жөніңізді көрсетуіңіз керек. Бұл арыз талданып, тексеріледі. Егер Заң бұзушылық анықталса, шара көріледі. Алайда көп жағдайда жұмысшы басшылық тарапынан қысым көргендіктен «өз еркімен жұмыстан шығамын» деп өтініш жазады. Мұндай жағдайда оған ешкім көмектесе алмайды.
Ақпанның азық-түлік себеті беріліп жатыр
СҰРАҚ: Көпбалалы анамын. 3-6 жастағы екі балам бар. Аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларға берілетін азық-түлік себетін алушыман. Қаңтар айына тиесілі пакетті наурызда алдым. Ақпан мен наурыз айларына тағайындалған азық-түлік себетті мен тоқсан сайын берілетін гигиеналық заттар жиынтығы қашан беріледі?
Оқырман сұрағына Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты Әл Фараби ауданы бойынша әлеуметтік қызметтерді көрсету бөлімі басшысы Гүлдана Нұржанова жауап берді.
ЖАУАП: Төтенше жағдайға байлансты, 1-3 және 3-6 жас аралығы балалары бар мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға әуметтік пакеттерді тарату жұмыстары кешеуілдетуде. Мәселен, наурыз айында қаңтарға арналған азық-түлік себеттері таратылды. Сол кезде шымкенттік 9000 отбасы әлеуметтік пакетке қол жеткізді. Мамырдан бастап ақпан айына арналған азық-түлік пакеттері беріліп жатыр. Пакеттерді үйлестіру жұмыстарымен — «Магнум» сауда үйі желісі айналысады. Яғни, әлеуметтік пакетті тұрғылықты мекенжайыңызға жақын орналасқан «Магнум» дүкеннен аласыз немесе дүкен сайтына кіріп, ЖСН нөмірін енгізу арқылы жиынтықты қай күні, қай дүкеннен алып кетуге болатынын білесіз. Наурыз айының азық-түлік себеті мен тоқсанына бір рет берілетін гигиеналық заттар маусым айында үйлестірілмек.
Халықты түсінікпен қарап, сабырлық танытуға шақырамын. Себебі, төтенше жағдайды ескере отырып, көптеген жеңілдік жасалуда. Атап айтар болсам, бірінші тоқсанда тағайындалып, төленген атаулы әлеуметтік төлемнің екінші тоқсаны автоматты түрде ұзартылып, 5 пайызға көбейді. Сіздерден ешқандай қосымша құжат талап етілмеді. Бұған қоса төтенше жағдай кезінде 6-18 жас аралығындағы балалары бар атаулы көмек алушы отбасының әр баласы үшін 2 АЕК, яғни — 5556 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.
Мемлекеттік субсидия анықтамасын алыңыз!
С: Жалғызілікті анамын. Бала туу және оның 1 жасқа дейінгі күтіміне байланысты үйде декретте отырмын. Бір қызығы, менің зейнетақы шотыма балама алатын жәрдемақының 10 пайызынан ұсталатын қаржыдан бөлек 4250 теңге «пенсионный» түсіп жатыр. Бірақ, мен 28 000 жәрдемақыдан бөлек ақша алмаймын. Оны банк картамның үзінділерінен де көруге болады. Сол аударым түсіп жатқандықтан атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыра алмадым. Себебі, менің табыс көзім ретінде есептеліп жатыр. Алайда мен 42500 теңге алып отырғаным жоқ. Бұл қайдан түсіп жатқан аударым?
Оқырманның сауалына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасыры Жомарт Үмбеталиев жауап берді.
ЖАУАП: Зейнетақы шотыңызға аударылып жатқан 4250 теңге мемлекеттік субсидия болып табылады. ҚР 2013 жылғы 21 маусымдағы «Зейнетақымен қамсыздандыру» туралы заңының 2-1 тармақшасына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қатысушылары мен төленетін әлеуметтік төлемдерді алушылар үшін бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда, бюджет қаражаты есебінен субсидиялауға жататын міндетті зейнетақы жарналары қосымша белгіленеді. Мәселен, декрет демалысқа дейін жұмыс істедіңіз. Сол кездегі жалақыңыз 100 мың теңге болған делік. Оның 40 мың теңгесі жәрдемақы ретінде тағайындалады. Сол 40 мың теңгенің 4 мың теңгесі зейнетақы қорына аударылады. Бұдан сіздің зейнетақы аударымдарыңыздың 60%-ға қысқарғанын аңғаруға болады. Бұл келешекте алатын зейнетақыңыздың мөлшеріне де әсер етеді. Осыны ескерген Үкімет аударымдар арасындағы «айырмашылықты» субсидиялап отыр. Яғни, жұмыс істеп жүрген кезде зейнетақы шотыңызға аударылып отырған зейнетақы жарнасын сақтап, толығымен зейнетақы қорына аударып жатыр. Ескеретін нәрсе, бұл ақшалай табыс емес. Оны сіз Халыққа қызмет көрсету орталығынан алынған анықтамамен дәлелдей аласыз.
Төтенше жағдай аяқталғанда 42 500 теңге беру тоқтатылады
СҰРАҚ: Көпбалалы анамын. Төтенше жағдайға дейін жұмыс істедім. Қазір табысымнан айырылып, үйде отырмын. 42 500 теңге алдым. 11 мамырдан бастап жұмыс басталады. Бірақ мектеп пен балабақшалар жұмыс істемейді. Балаларды үйде онлайн оқытып жатырмын. Менен басқа оқытатын адам жоқ. Жұмысқа шығайын десем балалардың сабағы бар. Шықпасам, жалақыдан қағылам. Сұрайын дегенім, балаларының жанында үйде отырған аналар үшін 42500 теңге төлене бере ме?
Оқырман сұрағына Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының директоры Бауыржан Оспанов жауап берді.
ЖАУАП: 42 500 теңге әлеуметтік төлем тек қана төтенше жағдайда төленеді. Төтенше жағдай аяқталғанда төлем де тоқтатылады.
БАЛАЛАР ЛАГЕРЬГЕ БАРАДЫ МА?
Сұрақ: Биыл балалар жазғы лагерьге бара ма?
Оқырман сұрағына Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева жауап берді.
ЖАУАП: Шымкент қаласындағы жалпы 213 білім беру ұйымы толығымен қашықтықтан оқыту форматына көшті. Мектеп оқушылары мен ата-анасы үшін биылғы төртінші тоқсан ерекше өтіп жатыр. Үйден шықпай, төрт қабырғада қамалып отыру оңай емес. Баланың аты — бала. Ойнап бой сергіткісі келеді. Ата-аналарға да оңай емес. Олар ұстаздың да рөлін атқарып, жұмыс істеп, үй шаруасына да араласуда. Сондықтан да ата-ананың өзі де, баласының да тыныққанын қалайды. Жазғы лагерьдің осындайда тигізер пайдасы зор. Бүгінде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, жазғы лагерьге жіберу мәселесі күн тәртібінде тұр. Еліміздегі жағдайға байланысты әлі нақты шешім қабылданбады.
Елдегі санитарлық жағдай бір қалыпқа түсіп, Үкіметтен жазғы демалысты ұйымдастыруға рұқсат келсе, оқушылардың демалысын тау бөктерінде ұйымдастыру жұмыстары қолға алынады. Бірақ, әлі белгісіз.
Мән-жайды БАҚ арқылы хабарлап отырамыз немесе Шымкент қаласының білім басқармасы жанынан құрылған Call-орталыққа хабарласып, білуге болады.
Тел: 8 (7252) 39-49-26, WhatsApp, Telegram: +7 702 770 16 00, +7 701 158 05 55, +7 702 253 96 47, +7 701 131 41 31.
Ит-мысық оразаны бұзбайды
СҰРАҚ: Ораза тұтып жүрмін. Үйімде ит-мысығым бар. Соларды тамақтандырамын, серуендетемін. Үстіме мінеді, жалайды. Мысығым көрпе-төсегімде жатады. Сұрайын дегенім, ит-мысық оразаны бұзады ма?
Оқырман сұрағына Байғұт баба мешітінің бас имамы Дастан Желеуов жауап берді.
ЖАУАП: Рамазан айында, ауызы берік кісінің ит-мысықты тамақтандыруы оның оразасын бұзбайды. Алайда иттің сілекейі оразаны бұзбағанымен, киім-кешекті ластайды. Мұндай ластанған киіммен шариғат бойынша намаз оқуға болмайды.
Егер сол киіммен намаз оқысаңыз «Таза киіммен намаз оқы!» деп Алла Тағаланың бұйырған аятына қарсы келгеніңіз болып есептеледі. Ал мысыққа келетін болсақ, ол – адал жануар. Оның сілекейі киімге тисе де намаз оқуға жарамды боп есептеледі. Қысқасы, иттің сілекейі оразаны бұзбайды, бірақ намаз оқитын кезде киімді ауыстырып, дәрет алу керек. Мысықтың сілекейі оразаны да, дәретті де бұзбайды. Киім ауыстыру шарт емес.
Айжан Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №19-20, 13 мамыр 2020 ж