Түркістан облысы полицейлері 150 миллионнан астам теңге тұратын жылқыларды ұрлаған барымташылардың қылмыстық тобын ұстады
Түркістан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция қызметкерлері ұзақ уақыт бойы Түркістан облысының үш ауданының аумағында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты құрықтады. Тергеу барысында ұсталғандардың бір жарым жыл бойы 14 мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Жалпы барымташылар облыстың Қазығұрт, Төлеби және Сарыағаш аудандарының жайылымдарынан жылқы ұрлап отырған.
Осылайша, полицияға ондаған ауыл тұрғындары өздерінің малдарын жайылымнан белгісіз тұлғалар айдап әкеткені туралы арыз түсірген. Жәбірленушілердің бірі полицейлерге өткен жылдан бері мал ұрылары оның 25 жылқысын жымқырып кетіп, өзіне 12 миллион теңгеден астам шығын келтіргенін хабарлаған. Аталған жайт Қазығұрт АПБ-не ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» және 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркелген.
Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары полиция подполковнигі Құрманбек Саховтың айтуынша: «Барымташыларды ұстау мақсатында Түркістан облысының ПД-нің криминалдық полиция, тергеу және жергілікті полиция қызметінің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, үй малдарын сату және сою орындарын, сондай-ақ алыс шаруа қожалықтары мен жайылымдарды тексерді. Жедел уәкілдер жиналған ақпарат көздері негізінде аталмыш мал ұрлықтарын бір қылмыстық топтың істеуі мүмкін деген болжам жасаған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері Қазығұрт ауданының екі тұрғынын ұстады, оның бірі бұрын сотты болған. Тергеу барысында жедел уәкілдер тағы да қатысушының ізіне түсті, олар ұрланған жылқыларды сатып алушылар. Белгілі болғандай, барымташылар жайылымнан жылқыларды ұрлап, қораларында жасырын бағып, содан кейін олардың сырғаларын ауыстырған және жылқыларды базарға немесе етке өткізіп отырған.
Тергеу барысында қылмыстық топтың 14 мал ұрлығына қатыстылығы анықталды: оның 7 дерегі Қазығұртта, 5 дерегі Сарыағашта және 2 дерегі Төлеби аудандарында. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 150 миллионнан астам теңгені құрады. Айғақты зат ретінде полицейлер 70-тен астам жылқыны тәркілеп алып, заңды иелеріне қайтарды. Қылмыстың алдын алуда тәртіп сақшыларының еңбегі орасан.
Сондай-ақ, жедел уәкілдер күдіктілердің бірінің үйінен 2 дана қару мен 8 түп қарасора тапқан.
Аталған жайттарға байланысты ҚР ҚК-нің 3 бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде: 188-бап «Ұрлық», 287-бап «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» және 300-бап «Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру». Бес күдіктінің 2-еуі қамауға алынды, 1-еуі кепілмен шығарылды, 2-еуі қолхатта.
Тергеу амалдары жүргізілуде және мал ұрыларының басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Қазіргі таңда қылмыстық іс Түркістан облысы ПД-нің өндірісінде және департамент бастығының қатаң бақылауында»- деп хабарлады Қ.Сахов.