Редакцияға хабарласқан оқырман 35 жыл ғұмырының өзіне тиесілі болмғанын, алданып өмір сүргенін айтады. Ол өзінің асыранды бала екенін жақында біліпті. Қаншама жыл отбасының «сыр сандығында» сақталып келген құпияны ата-анасына айта алмапты. Тек жаны қатты қиналып, шындық салмағын жан жарына ашыпты. Әйткенмен сенген асыл жары оның құпиясын бетіне басып, ренжітеді екен. Тағдыр соққысына ұшыраған оқырманымыз газетіміздің «Психолог бұрышы» айдары психолог кеңесіне жүгінгісі келеді. Соған сәйкес, қадам жасап, әрекет етпекші екен.
АСЫРАНДЫ БАЛАНЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ
«Қайғыны бөліссең жеңілдейді» дейді ғой. Сырымды күйеуіме айттым, бірақ бәрі керісінше болды. Менің жанды тұсымды пайдаланып, үнемі ренжітеді. Соңғы кездері оған шындықты айтқаныма өкініп жүрмін. Бірақ шындықтың салмағы ауыр. Сондықтан да, ішімдегі сырды оқырманмен бөлісуді шештім. Менің мәселем — тағдырымның жалғандығында. Өзімнің асыранды бала екенімді білдім. Сүйікті ата-анамның туған қызы емес екенімді білгенімде төбемнен жай түскендей болды»
Өзін Рая деп таныстырған келіншек – екі баланың анасы. Жақында үшінші баласын дүниеге әкелмек. Асыранды бала екенін осыдан 6-7 ай бұрын білген. Бұл сырдан хабардар екенін ата-анасына айтпаған, өйткені олардың жасы жетпістен асып, сексенге таяған. Әкесінің бірнеше рет жүрек талмасы ұстаған. Анасы да аурушаң. Сондықтан да, олардың жарасын тырнап, тұз сепкісі келмейді.
«Бұл шындық оңай соқпады. Моральды соққы алдым. Күйзелдім. Жұмысбастылық, отбасы деп жүріп бұл мәселені «қопармадым». Ата-анамды да аядым. Тек менің емес, олардың да жан жарасы екенін білдім. Алайда, декрет демалысына шығып, үйде отырғалы жағдайым нашарлай түсті. Түрлі ойлар мазалап, тынышымды алды. Түнде ұйқыдан да қалдым. Жағдайымды жолдасыма айттым. Ол маған қолдау көрсетудің орнына, ата-анамды жамандап, оларға тіл тигізетін болды. Мені оларға қарсы қойып жүр. Енді қайтемін? Бір қайғының үстіне екіншісі жамалды. Ата-анамды, жай-күйімді, кім екенімді, тегімнің кім екенін, не себепті тастанды болып, асыранды бала атанғанымды ойлап бас қатырып жүргенімде, енді жолдасымның да жарама тұз сепкені жағдайымды қиындатып жіберді.
ТУҒАНЫМДАЙ БОЛДЫ…
Соңғы 6-7 ай Раяға оңай соқпаған.
«Бала кезімнен ерке өстім. Ата-анам мені бір де бір рет бетімнен қаққан емес. Әкем «қырық жасымда көрген жалғыз қызым» деп мәпелеп, ерке қылып өсірді. Анамның айтуынша, әкем бір рет үйленіп ажырасқан. Бірінші некесінен ұлы бар. Өзі жұмыс-жұмыс деп жүріп, қалай отыздан асып кеткенін байқамапты. Сондықтан да «кәрі қыз» боп тұрмысқа шықтым деп жиі айтып отыратын. Менің ерте тұрмысқа шыққанымды қалайтын еді. Мен де анамның қалауы бойынша 18 жасымда тұрмыс құрдым. Сонда әкем «тұрмысқа ерте шықтың деп» қатты ренжігені бар.
Бойжеткен қыз сол кезде ата-ананың жүрегі қаншалықты қан жылағанын сезбеген. Рая олардың биологиялық тұрғыдан перзенті болмаса да, олар оны туғанынан артық көретін. Рая үшін жан беруге де дайын еді. Тіпті, соншалық жақсы көргені, оның асыранды перзент екенін де ұмытып кеткен.
«Анам балалық шағымды жиі айтатын. Бірақ, бір де бір рет жүктілік кезі жайлы айтпапты. Оны қазір бар шындықты білген соң ба, өзім ана болған соң байқап отырмын. Жүктілігім ауыр өтеді. Ішіп-жеуден қаламын. Ұйқыны да ұмытамын. Аяқ-қолым ісіп, көкірегім сыздағанда жанымды қоярға жер таппаймын. Анамнан оның жүктілігі қалай өткенін сұрағанымда үнемі үнсіз қалатын. Есімде жоқ деп қысқа қайыратын. Мен де сұрай бермейтінмін. Әңгімені басқа тақырыпқа бұрып жіберетінбіз. Сөйтсем, бұл сұрақ анам үшін қаншалықты ауыр екенін білмеппін ғой».
ӨЗГЕНІҢ ТАҒДЫРЫН СҮРГЕН…
Ешкімге өкпелі емеспін. Осылай деген Рая тағдырына мойынсұнғанын айтады. Себебі, өміріне дән риза. Бақытты балалық шағы болды. Не ішемін, не киемін демеді? Оқыды. Білім алды. Ұясынан ұзатылып, кәдесыйы жасалды. Құрбыларының алды болды.
Десе де 35 жыл бойы өзін Рая деп санап келген ол шын мәнінде кім екенін білгісі келеді? Тегі кім, руы қандай? Көз жұмғанда туған әкесінің есімімен аталмаса да, оның кім екенін біліп кеткісі келеді.
«Анамның үлкен сандығы болатын. Аузында үнемі қара құлып тұратын. Бір күні анам ауырып ауруханаға түсті. Үйді жинастыруға келгенімде, жастығының астынан сол сандықтың кілтін таптым. Аштым. Сарғайған қағаздар, ескі құжаттар бар екен. Қызығушылығым ұстап бірнеше қағазды оқыдым. Соның ішінен «Раяның» атна берілген туу туралы куәлікті таптым. Бір қарағанда кәдімгі куәлік. Аты-жөнім жазылған. Ата-анамның да аты бар. Бұл менің құжатым болмай шықты. Себебі, оның жанындағы тағы бір жапырақ қағазда, Раяның қайтыс болғаны туралы жазылыпты. Өз көзіме өзім сенбедім. Әлгі парақты 100 рет оқыған шығармын. Берілген күніне, жылына қараймын. Басым айналып, көзім қарауытып кетті. «Жынданып кетемін бе» деп ойладым. Сосын есімді жинап, сандықтағы барлық қағаздарды ақтарып шықтым. Сөйтіп, баланы асырап алу туралы куәлікті таптым. Осыдан соң мен өзімнің шын мәнінде кім екенімді білмей қалдым».
АРПАЛЫСТА ӨТКЕН ШАҚ
Содан кейіпкеріміз өзінің кім екенін іздестіре бастапты. Қолында бар құжаттармен бармаған жері қалмаған. Өзі туған перзентханаға барса да, балалар үйіне барса да ешқандай мағлұмат ала аламайды. Бәрі де құжаттардың сақталу мерзімінің 25 жылдан асып кеткенін айтыпты.
«Құжаттардан түйгенім, ата-анамның Рая деген қызы болыпты. Бірақ ол 6 айлығында қатты ауырып, шетінеп кеткенге ұқсайды. Сөйтіп, ата-анам балалар үйінен мені асырап алып, маған Раяның есімін береді. Ол жылдары Шымкентте бірде бір туысымыз болмаған. Барлығы Ақтөбе, Маңғыстау, Ақтауда тұратын. Сондықтан да, шын Раяның қайтыс болғанын, ал менің асыранды екенімді ешкім де білмеген ұқсайды. Бәлкім бұл шындықты білетіндер де бар шығар. Бірақ, олар да менің Рая екеніме иланып кеткен болар. Раяның айтуынша, құжаттардың арасынан «Перзентханадан шығу парағын» тауыпты. Онда қыз баласының 1985 жылдың бесінші желтоқсанында туылғаны жазылған. Босанушының тегі – басқаша көрсетілген. Оның Келес ауданының тұрғыны екені жазылған. Ал парақтың соңында Раяның әке-шешесінің аты-жөні көрсетіліпті. Басқа ешқандай мәлімет жоқ. Рая бұл өзіне тиесілі шынайы жалғыз парақ екеніне сенімді. Бірақ, «Келеске барып, сол әйелді іздемедім» дейді.
«Ата-анама ризамын. Ол кісілердің еш кінәсі жоқ. Олар бір перзентке зар болған. Оған қолдары жетті дегенде айырылып қалады. Содан мені асырап алыпты. Мені ата-ана мейіріміне, махаббатына бөледі. Кім білсін, балалар үйінде күнімнің қандай боларын? Оқытты. Бақытты бала болып өстім. Таршылық көрмедім. Бірақ, шындықты қабылдау қашан да ауыр. Бәлкім анама сырларын білетінімді айтуым керек пе? Бәлкім осылай жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыру керек шығармын? Білмеймін, әбден шатастым».
ДҮНИЕГЕ ТАЛАС…
Шындықтың түбіне жетемін деп жүрген Рая өз тарапынан бір қателіктің кеткенін айтады. Бұл оның бар шындықты жолдасына айтқаны екен. Енді күйеуі Раяны ата-анасына қарсы қойып, жамандап жүр. Араларына шоқ тастап, араздық отын тұтатпақшы. Барлығы да сол қу дүниенің кесірі.
«Шындықты білгенімде қатты күйзелдім. Көкірегімді кернеген ашу, ыза, өкпе менің көзімді байлады. Жолдасыма айтып, жеңілдеп қаламын деп ойладым. Бірақ, бар шындықты білген ол мұны маған қарсы қолдана бастады. «Сен асырандысың», «балаларың туған немерелері емес» деп үнемі жүрегімді ауыртып отырады. Әкем екінші рет инсульт алғанда «Үйді сенің атыңа жазсын» дегенді шығарды. Әкемнің бірінші некеден ұлы бар. Соңғы жылдары әкеміздің денсаулығы сыр бере бастаған соң ол бала-шағасымен жиі-жиі келіп жүр. Мұны көрген жолдасым: «Дүние соның қолында кететін болды. Саған түк те қалмайды» деп күйгелектенеді. Алайда, мен үшін әкем мен анамнан қалатын дүние маңызды емес. Мен онсыз да баймын. Себебі — олардың махаббаты менікі. Тексіз — бола тұра, менің қандай жандардан туғанымды білмесе де олар мені қабылдады. Мені өз перзенттері етті. тек берді. Маған сол да жеткілікті».
Рая психологтан көмек сұрайды. Оқырмандардың да айтар ақыл-кеңесі болса оны да тыңдауға дайын.
Дайындаған — А. Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №25, 17 маусым 2020 ж