Қазір әлем дәрігерлері жұртты есеңгіреткен эпидемиологиялық ақуалды әлі де нақты сипаттай алмай отыр. Ақ халаттылардың пікірі күннен-күнге өршіп келе жатқан пневмония коронавирустың салдары дегенге саяды. Дәрігерлердің бұлай ой қорытуына не себеп?

Пневмонияға шалдығып қайтыс болғандар күн санап көбейіп келеді. Алайда, оларды коронавирустан қайтыс болғандардың жалпы статистикасына қосып жатқан ешкім жоқ.

Десе де мамандар өкпенің қабынуы коронавирусты инфекцияның салдары дейді. Қазір вирус өршіген тұста күн сайын бір келеңсіз оқиғаларды еститін болдық. Пандемия басталғанда көпшілік инфекцияның қауіптілігіне сене қойған жоқ. Ал қазір біріміздің туысымыз, біріміздің досымыз, енді біріміздің танысымыз КВИ-ге шалдығып, тіпті қайтыс болып та жатыр.

Дені ауруханаға өкпесі қабынып түскендер. Соған қарамастан көп жағдайда полимеразды тізбекті реакция тесті инфекцияны жоққа шығаруда. Ресейдің диагностика және телемедицина орталығының директоры, профессор Сергей Морозовтың сөзіне қарағанда, пневмония пайда болған кезде тестілеу нәтижесін күтудің қажеті жоқ екен.

Сергей Морозов, Ресейдің диагностика және телемедицина орталығының директоры, профессор: «Полимеразды тізбекті реакция тесті үшін анализ науқастың мұрнынан алады. Пациенттің жағдайы тым нашарлағанда вирус мұрыннан анықталмауы да мүмкін. Ондай жағдайда бронхтан анықталады».

Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының профессоры Равиль Егембердиев пневмонияның өршуіне кви-дің әсері бар дейді. «Нақтырақ айтқанда, өкпенің қабынуы – коронавирустың дендеуінен. Бұл сырқаттарды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды»,- дейді профессор.

Равиль Егембердиев, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының профессоры: «Тағы да қайталаймын, пневмония – тәжі вирусының бой көтеруінен. Инфекция жоғары тыныс жолдарынан өтуде. Инфекция мұрын жұтқыншағынан, бронхтан өкпеге өткен. Бұл өкпенің қабынуы ғана емес пневмония коронавирус инфекциясынан пайда болған пневмония».

Мақпал Рысбаева