Қазығұрт ауданында «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас мамандар көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға несие алуда. Олардың қатарында математика пәнінің мұғалімі Бағлан Қаратаев та бар.
Жас маман жоғары оқу орнын бітіріп, туып өскен ауылына оралған. Жас отбасы жақын арада Айша бибі көшесіндегі жаңа баспанаға көшіп, қоныс тойын атап өтпек.
«Үйдің иесіне айтып қойдым «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 3 млн. 977 мың теңге есеп шотыма түсті. 23 мың теңге өзім қостым. Мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылай қолдаудың арқасында баспаналы болдым»,- дейді жас маман Бағлан Қаратаев.
Биыл Қазығұрт ауданында 120 жас маман көтерме жәрдемақыға арыз берсе, 50 маманнан тұрғын үй сатып алуға несиеге өтініш түскен. Баспанаға берілген несиені жас маман 15 жылда қайтарады. Аудандық қаржы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл тұрғын үй сатып алуға 200 млн. теңге қаржы қарастырылған.
Қай мамандықтардың иелері аталған бағдарламаға қатыса алатынына тоқталып өтсек. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет және спорт, ветеринария бойынша ЖОО-ны аяқтаған түлектер және аталған салаларда жұмыс істейтін жас мамандар қатыса алады.
Мемлекет тиісті әлеуметтік қолдаумен ауылдық жерлерде жұмыстар ұсынады. Жас мамандарды әлеуметтік қолдауға мыналар кіреді:
• 70 АЕК мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы беру;
• 1500 АЕК мөлшерінде 0,01% мөлшеріндегі сыйақы мөлшерлемесімен, 15 жылға арналған мерзімге тұрғын үй сатып алу және салу үшін бюджеттік несие беру;
• ауылдық елді мекендерде орналасқан әлеуметтік салалар мекемелерінің мамандарына (қалалық елді мекендерде) тарифтік мөлшерлемелерден 25%-ға кем емес мөлшерде лауазымдық еңбекақыны көтеру.
Бағдарламаға қатысу үшін мыналар қажет:
• сіз таңдаған елді мекенде (ауыл мектебі, аурухана, Мәдениет үйі, спорт кешені және т.б.) өз бетімен жұмыс табу;
• жұмысқа қабылдау кезінде үміткер бағдарламаға қатысуға аудандық комиссияға өтініш береді;
• өз бетіңізбен жұмыс іздеу мүмкіндігі болмаған кезде, сіз ҚР Ауылшаруашылық министрлігіне немесе өңірлердегі жауапты қызметкерлерге өтініш білдіре аласыз;
• өңірлердегі кадрларға деген қажеттілік туралы деректер облыстық әкімдіктер басқармаларының сайттарында орналастырылған.
Жобаға қатысу үшін құжаттар тізбесі:
• үлгі бойынша өтініш;
• жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі;
• тиісті елді мекенде тұратындығын растайтын, азаматтарды тіркеу кітабының (үй кітабының) көшірмесі немесе мекенжай анықтамасы;
• білімі туралы дипломның көшірмесі;
• Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тұрғын үй сатып алу-сату туралы алдын ала шарт;
• жылжымайтын мүлікті бағалау актісі (бюджеттік несие алу үшін);
• тұрғын үй салу үшін берілген жер телімдерін пайдалану құқығына акті.
Шынар Оразова