Екпе салу. СҰРАҚ-ЖАУАП

832

Газетімізде «Сұрақ-жауап» айдарын әр нөмірде жариялаймыз. Сізді түрлі тақырыптағы сауалдар мазалай ма? Жауабын нағыз кәсіби маманнан білгіңіз келе ме? Онда газетіміздің WhatsApp нөміріне, info@onrabat.kz эл.поштасына хат жазып, редакцияның 8 (7252) 53-54-17 телефон нөміріне хабарласып, сұрағыңызды айтыңыз.

Инстаграмда @onrabat.kz, Фейсбуктағы «Оңтүстік Рабат газеті» парақшасына да хабарласа аласыз.
Әлеуметтен бастап тұрмысқа дейінгі сан сауалыңызға жауап алып береміз.
Бұл нөмірде екпе егу, яғни вакцинация туралы сұрақтарды жинақтап, жауабын білдік. Барлық сауалға Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты, Түркістан қалалық емханасының бас педиаторы Ғалия Қуатова жауап берді.

СҰРАҚ: Елімізде бекітілген екпе кестесі. Атауы, қай жаста қандай вакцина салынатынын айып берсеңіз?
ЖАУАП: Профилактикалық егулер Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2295 қаулысына сәйкес, мерзімде жүргізіледі. Яғни: алғашқы екпе нәрестеге өмірінің алғашқы 1-4 күні салынады. Ол «В» вирусты гепатиті мен туберкулезге (БЦЖ) қарсы вакцина. Екінші екпе – 2 айда полиомиелит, «В» вирусты гепатиті, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, «Б» типті гемофильдік инфекцияға, пневмококк инфекциясына қарсы егіледі. Одан соң 3-ші айда полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, «Б» типті гемофильдік инфекцияға қарсы тағы да егіледі. 4 айда полиомиелит, «В» вирусты гепатиті, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, Б типті гемофильдік инфекцияға, пневмококк инфекциясына қарсы екпе салынады. Баланың 12-15 айында полиомиелит, қызылша, қызамық, паротит, пневмококк инфекциясына қарсы тағы вакцинация жүргізу қажет. 18 айда көкжөтел, дифтерия, сіреспе, «Б» типті гемофильдік инфекцияға қарсы екпе егіледі. 2 жаста және 2 жас 6 айда «А» вирусты гепатиті, 6 жаста (1-сынып) туберкулез (БЦЖ) вакцинасы, көкжөтел, дифтерия, сіреспе , қызылша, қызамық, паротит, 16 жаста және әрбір 10 жылдан кейін дифтерия, сіреспеге (АДС-м) қарсы екпе алып отыруы қажет.
Тұмауға қарсы вакцина өз денсаулығының жағдайы бойынша қатерлі топқа жататын адамдарға және өзінің кәсіптік қызметі бойынша қатер топтарына жататын адамдарға салынады. Инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарында тұратын және жұмыс істейтін халыққа көктемгі-жазғы кене энцефалиті, күйдіргі, туляремия, оба, іш сүзегі, құтырма ауруларына қарсы вакциналар егіледі.

СҰРАҚ: Дәрігер баламды екпеге шақырғанда дене қызуы көтеріліп тұрды. Сондықтан екпені салдырмадық. Арада бірнеше ай өтіп кетті. Енді дәрігер 3 және 4 айлық кездегі екпелерді қосып саламын дейді. Бұл зиян емес пе? Жалпы сұрайын дегенім, екпе қалай және қай кезде салынады?
ЖАУАП: Жалпы вакциналар-иммундық жүйе арқылы профилактикалық әсерін тигізетін, инфекциялық аурулардың ерекше профилактикасына арналған медициналық препараттар. Профилактикалық егулер медициналық-санитариялық алғашқы көмекті жүзеге асыруға лицензиясы бар медициналық ұйымдардың егу кабинеттерінде жүргізіледі. Профилактикалық егу жүргізу алдында медицина қызметкері егілетін адамға медициналық тексеріп-қарау жүргізеді, иммундауға қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда егуді жүргізеді. Профилактикалық егулер күнтізбеге сай салынуы керек. Кейбір вакциналар бір мезетте бірнеше мөлшерін, дозасын салуды талап ететіндіктен, кей бір ата-аналар дәрігерлерден екпелерді белгілі бір уақыт аралығынан кейін салуды, вакциналарды бөлуді сұрайды немесе вакциналардан бас тартады. Вакциналардың саны көп болуы баланың иммунитет жүйесіне қатерлі емес екендігі ғылыми дәлелденген. Ата-анасының өтініші (бір екі айға кейін шегеру) ескеріледі, бірақ бұйрықта көрсетілген мерзімде вакцина егу иммунитет қалыптасуы үшін тиімді.
№2295 қаулыда бекітілген мерзімдерге сай Түркістан облысы деңгейінде 2019 жыл жоспарланған халық саны жыл соңында барлық вакциналардың түрлері бойынша қамтылу орташа 95 пайыз орындалған. 2020 жылдың жоспары бүгінгі таңға орындалуы КВИ бойынша төтенше жағдай уақытында егілу тоқтатылған болса да, қазір өз деңгейінде жүріп жатыр. Атап айтқанда, көкжөтел, дифтерия, сіреспе ауруларына қарсы вакцина 2020 жылы облыс деңгейінде 51 000 халыққа жоспарланса, бүгінгі таңда орындалуы 15 075 (29,5%) . Қызылша, қызамық, паротит ауруларына қарсы вакцинация 49236 халыққа жоспарланса, бүгінгі таңда орындалуы 13389 (27,1%). 6 жастағы қызылша, қызамық, паротит ауруларына қарсы вакцинация 50 700 адамға жоспарланса, бүгінгі таңда орындалуы 12 020 (23,7%). Өткен жылмен салыстырғанда, вакциналардың төмен орындалуы-карантинмен байланысты. Вакцинация салуға рұхсат берілгелі бері, халық егудің маңыздылығын түсініп, қалып кеткен вакциналарын салдыруға бет бұрды. Облыс деңгейінде _566__ осы уақытқа дейін егуден бас тартқан болса, солардың 5-еуі егудің маңыздылығын түсініп вакцинациядан өтті.

СҰРАҚ: Коллективті иммунитет дегеніміз не? Денсаулық Кодексіне еңгізіліп жатқан түзету туралы ойыңыз. Баланы балабақшаға екпесіз қабылдау дұрыс па?
ЖАУАП: Ауруды болдырмау үшін алдын ала егудің немесе биологиялық препараттар енгізудің нәтижесінде түзілген иммунитет жасанды иммунитет деп аталады. Егер де ондай иммунитет екпені егуден кейін пайда болса – белсенді, ал дайын иммунды қан сарысуын құйғанда пайда болса – енжар иммунитет қалыптасады. Сөз орайы келгенде айта кету керек, ұжымдық иммунитет деп елдің көбісі екпе алғанын айтады. Сол арқылы аталмыш індеттің жұғу арқылы таралуына тосқауыл қойылады. Бұл тұрғыдан алғанда екпе тек жекелеген тұлғалардың денсаулығының кепілі емес, сонымен қатар, әлеуметтік ынтымақтың көрінісі болып табылады. Ұжымдық иммунитет дегеніміз – балалар мен жасөспірімдерді профилактикалық егумен қамтылу пайызы орташа 95% жеткенде,вакцинациядан кейінгі ағзада пайда болған иммунитет ауру қауіпі төнген жағдайда да, қабылдамау әсерін туғызады. Баланы балабақшаға екпесіз медициналық қарсы көрсетілім болған жағдайда қабылдауға болады,себебі ұжымдық иммунитет індеттің жұғу арқылы таралуына тосқауыл қояды. Денсаулық Кодексіне еңгізіліп жатқан түзету өте орынды деп ойлаймын.

СҰРАҚ: Көп ата-ана қыздарына папилломаға (рак шейки матки) қарсы екпеден бас тартуда. Айтуларынша бұл екпе бедеулікке әкеп соғуы мүмкін. Бұл қаншалықты рас. Жалпы бұл екпені қай жаста жасату керек және салдыру міндетті ме?
ЖАУАП: Қыз балдарға папилломаға (рак шейки матки) қарсы екпе 9-14 жас аралығында 2 дозамен салынуы тиіс.Жатыр мойны обыры ауруы соңғы жылдары жиі кездесетін болғандықтан, бұл екпенің маңыздылығын ескеру керек. Бұл вакцинаның бедеулікке әкеп соғуы дәлелденбеген.

СҰРАҚ: Туберкулезге қарсы екпеге де күмәнмен қарап жатқандар бар. Өкпені әлсіретеді, деп айтады. Бұл рас па?
ЖАУАП: Туберкулезге қарсы екпе – перзентханада адам баласы өмірінің алғашқы күні (2 күн) салынатын екпе. БЦЖ (Кальмет-Герен Бацилласының вакцинасы)-өкпені әлсіретпейді, туберкулез ауруына қарсы тұрақты (15 жылға дейін созылатын) иммунитет пайда болады. Бұл екпе егілгелі бері, мемлекетте балалар арасында туберкулез ауруы, туберкулездің асқынған түрлері-туберкулезді менингит,миллиарлы туберкулез жоқтың қасы.

СҰРАҚ: Екпе аутизмге әкеп соқтырады деген пікір шындыққа жанаса ма? Сондай жағдай тіркелген бе?
ЖАУАП: Аутизм-бала дамуындағы ауытқушылықтың ауыр түрі, ол әлеуметтік ортамен қарым-қатынастың жоқтығын білдіреді. Аутизм көптеген психикалық ауруларда кездеседі, бірақ кейбір жағдайларда ерте жас-та байқалып, бала дамуына кері әсерін тигізеді. Екпе аутизмді тудырмайды. Кейбір заттар шынында да аутизм тудырса да, вакциналардың құрамындағы препараттар аутизмді тудырмайтындығы дәлелденген.

СҰРАҚ: Екпе салып терінің астына чип орнатады екен. Сонымен бізді бақылайды екен дегендерге не айтасыз. Бұл қаншалық рас. Вакцинация арқылы чип орнату мүмкін бе?
ЖАУАП: Бұл жалған ақпарат. Вакцина арқылы чип енгізу туралы ақпарат шындыққа сай келмейді. Вакцинация арқылы чип орнату мүмкін емес. Вакциналар-инфекциялық аурулардың ерекше профилактикасына арналған медициналық препараттар.

СҰРАҚ: Коронавирусқа қарсы вакцинаны сынау үшін халықты жаппай егеді деген пікірге не айтсыз?
ЖАУАП: Соңғы кездері коронавирус инфекциясының әлем елдерінде кеңінен таралуы жағдайында вакцина әзірлеу өзекті тақырыптардың біріне айналды. Бұл бағытта Қазақстан ғалымдары да зерттеу шараларына белсенді түрде кірісіп кетті. Қай ауруға болмасын вакцина даярлау-күрделі әрі жауапкершілігі жоғары процесс. Даярланатын вакцина түбінде адамға егіледі. Сондықтан оның әр бір қырына мұқият көңіл бөліп, қолданған жағдайда оның залалсыз болуын және ауруға қарсы мықты иммунитет тудыруын қамтамасыз ету керек. Дайын болған вакцина күнделікті өмірге ену үшін бірнеше сатыдан тұратын сынақтардан өтуі қажет. Ол талап, ереже – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қағидасы.Коронавирусқа қарсы вакцина бүгінгі таңда ғылыми дайындау сатысында. Сол үшін халықты жаппай егейін деген сөздер-жалған ақпарат.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №21-22, 27 мамыр 2020 ж