Шымкент қаласындағы Елтай тұрғын алабында табиғи апаттың салдарынан зақымданған 5 үйдің іргетасы қаланды. Үйлердің құрылысын еліміздегі ең ірі құрылыс мекемесінің бірі болып табылатын «Bi Group» компаниясы өз қаржысы есебінен жүргізетін болады. Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Елтайға арнайы барып, тұрғызылып жатқан үйлердің құрылысымен танысты. Қала басшысы тұрғын үй құрылысын салуда елімізде көш бастап жүрген аталмыш құрылыс мекемесіне алғысын жеткізді.
Осы айдың соңында аяқталуы жоспарланған үйлердің өлшемі 11х11 метрді құрайды. Ал аумағы 112.36 шаршы метр. Сонымен қатар, қабырғасы газаблоктан, шатыры профнастилден болады. Жоба бойынша ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары да жүргізіледі.
Мұрат Дүйсенбекұлы су басып өткен аулалар мен көшелерді аралап көріп, ондағы тұрғындармен кездесті. Өз кезегінде әкім су тасқынынан шығынға ұшыраған тұрғындарға «Шымкент қайырымды қала» әлеуметтік қорынан тиісті көмек көрсетілетінін және барлық құрылыс жұмыстары аяқталған соң тұрғын алаптағы бас көшеге асфальт жол төселетінін айтып өтті.
Кездесу барысында тұрғын Батырхан Жаңабаев қолдау көрсетіп жатқан барша қызметкерлерге алғысын білдіріп, кезінде демеушілер есебінен салынған Тоғыс өзенінен өтетін Елтайдағы екінші көпірді жөндеп беруін сұрады. Осы ретте, қала әкімі көпір салу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін және қаржы бөлу бойынша мәслихатқа ұсыныс хат енгізілетінін жеткізді.
Аралау қорытындысы бойынша әкім табиғи апаттың алдын алу және болдырмау мақсатында сала жетекшілеріне қашыртқы каналдар жүйесі жобасын әзірлеуді тапсырды.