«Кең баба» саябағындағы аққулардың жағдайы мүшкіл». Дәл осындай шағымды қала қонақтарының бірі әлеуметтік парақшасына жазған. Ал, олқылықтардың орнын толтыруға саябақ әкімішілігі қандай жұмыстар атқарды? Бұл жазбадан кейін аққулардың жағдайы жақсарды ма?

«Кең баба » саябағындағы аққулары бар бассейн жайында шағым әлеуметтік желіге жарияланған. Алматыдан келген қала қонағының айтуынша, хауыздағы жасыл суды ауыстырып, құстарды мал дәрігеріне көрсету керектігін айтқан. Өзінің парақшасына аққулардың суретін жүктеп, олардың амалдың жоғынан онда тіршілік етіп жүргенін алға тартады.

«Кең баба» саябағына серуендеуге келіп едік. Аққулардың мұндағы жағдайын көріп жағамызды ұстадық. Олардың өмір сүріп жатқан сулары сасық әрі өте лас. Аққулар аяққа тұра алмайтындай әлсіреп, ақсаңдауда. Өтініш бұл жайында кімге, қайда барып шағымдануға болады? Жейтін тамақтары да жоқ сияқты. Баламыз екеуміз нан алып, оларды тамақтандырдық. Жағдайын көрсеңіздер жүректеріңіз ауырады» дейді Алматы қаласынан келген қонақ.

Қала қонағының осындай жазбасына саябақ әкімшілігі бірден жауап берді. Қызметкерлері суды ауыстырып, тазарту жұмыстарын жүргізді. Алайда, жауаптылар 3 аққу үшін бассейн суын жиі тазартып тұру оңай жұмыс емес екендігін айтады. Бұдан бөлек саябақ басшылығы зоо-мамандардан бірнеше рет кеңес алып, аққулардың су түбінде жиналған балдырлармен қоректенетінін алға тартады. Мұндай табиғи ортада олар өзін жайлы сезінеді дейді.

Берік Молдалинов, «Кең баба» саябағының басшысы: «Балдырлар өте пайдалы және аққулар оны жақсы жейді. Біз айына 1 рет тазартып тұруға тырысамыз. Тап-таза су оларға болмайды. Олар әрдайым біздің бақылауымызда».

Сондай-ақ, саябақ басшысы Берік Молдалинов аққуларды 5 жыл бұрын Ресейден арнайы алдыртқанын айтады. Оларға мамандар қарап, тамақтарын күнделікті уақытылы береді. Саябаққа келушілерге басшылық дәл осы құстардың суына артық заттарды тастамауды өтінеді. Тіпті тәттілердің өзі бұл құстардың денсаулығына кері әсер етеді екен.

«Құрметті қала тұрғындары сіздерге үлкен өтініш айтқым келеді. Келіңіздер, аққуларды тамашалаңыздар, суретке түсіңіздер. Бірақ оларды тамақтандырудың қажеті жоқ. Жай ғана келіп олардың сұлулығына сүйсініп кетіңіздер», дейді саябақ басшылығы.

Айта кетейік, карантин кезінде де аққулар бассейннен шықпай, жіті бақылауда болған. Осылайша қалыпты өмір сүруін жалғастырған.

Нұрлан Сұлтанбек