Сайрам аудандық полиция басқармасының полицейлері күнделікті қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын, қауіпсіздікті сақтаумен қатар, табиғатқа залал келтіріп, тау-тасты заңсыз пайдаланатындарды анықтап, жауапқа тартуда.
Мәселен, Сайрам ауданының ЖПҚБ қызметкерлері тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізуі нәтижесінде 2020 жылдың 5 ай көлемінде жер қойнауын заңсыз пайдалану бойынша 5 дерек анықтады. Заңбұзушылық жасаған 3 камаз жүк көлігі мен 2 қазу техникасы айыптұраққа қойылды. Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 334-бабымен сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне алынып, өндірісте тергелуде.
Аталған заңды тарқатып айтар болсақ, ҚР ҚК-нің 334-бабына сәйкес жер қойнауын өз бетінше пайдалану, сол сияқты пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру, келтірілген залал көлеміне қарай – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Немесе ҚР ӘҚБтК-нің 139-бабы бойынша жер қойнауына мемлекеттiк меншiк құқығын бұзу әрекеті шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған мүлік, әкімшілік құқық бұзушылықты жасау құралдары мен заттары тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға – бір жүз, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеті жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сондықтан Түркістан облысының полицейлері мұндай заңсыз әрекеттер жасамауға кеңес береді. Құрметті тұрғындары! Су қорғау аймақтарында қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды тастауға және жер қойнауын заңсыз пайдалануға тыйым салынады! Осындай құқық бұзушылықтарға куә болған жағдайда «102», нөміріне хабарлаңыздар.