«Шымкенттің инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстарға қалалықтар түсіністікпен қарауы тиіс. Шаһар орталығындағы жолдардың құрылысын тамызда аяқтасақ, қыркүйекте таза қалада серуен құрамыз», – деп уәде берді «Нұр Отан» партиясының қалалық филиал төрағасы саяси кеңесі мәжілісінде.

«Жұмыспен қамту жол картасы аясында бөлінген қомақты қаржы мерзімінде игерілуі үшін барлығымыз жұмылып білек сыбана жұмыс істеуіміз керек», – деп атап өтті Мұрат Әйтенов.

«Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының саяси кеңесі мәжілісінде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы қызу талқыланды. Әсіресе жол құрылысы. Қалада қызу жүріп жатқан құрылыстарға қатысты сын-ескертпелер де айтылды.
Игорь Вербицкий, мүше: «Бір екі апта болып қалды қала аумағы қирандыларға айналған. Барлық көшелер қазылған. Негізгілері қоғамдық көлік қозғалысы үшін жабылған. Мен бәрін түсінемін біз қаланы көркейтіп жатырмыз, оның әсем болғанын қалаймыз. Алайда барлық жұмыстарды халыққа ыңғайлы етіп жасау қажет. Алынып тасталған бетондар, жол жиектері апатты жағдайларды тудыруда. Ұсынысым барлығын кезеңімен жүргізуге болады ғой».

Қаланың инфрақұрылымын жетілдіру бағытында қарқын алған құрылыстың тұрғындарға қолайсыздықтар тудырып отырғанымен келіскен төраға, бұл уақытша, сондықтан халықты барынша түсіністікпен қарап сабырлық танытуға шақырды.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиал төрағасы: «Қала  аумағында қызу жүргізіліп жатқан құрылыстар – бұл бөлінген қаржыны игеру. Жұмыс орындары. Адамдарда қаражат жоқ. Бұл оңай шаруа емес. Адамдарды жұмыспен қамту бойынша Елбасы тапсырма берген. Жұмыспен қамту жол картасы аясында елімізде 1 трлн. теңге бөлініп отыр. Ондай мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек. 45 млрд. теңге көше жолдарын жөндеуге, веложолдар салуға бөлінді. Қаланы мен де аралаймын, тұрғындардың қиналып жүргенін мен де көріп жүрмін. Қомақты қаржы бөлінгенде барлығын бір мезетте жасап алғанымыз дұрыс емес пе? Тамызда құрылысты аяқтасақ, тамыз-қыркүйекте таза қалада серуен құрамыз».

Кеңесте «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарлама аясында қаланың инфрақұрылымын жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп те баяндалды. Қала аумағындағы елдімекендерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және абаттандыру мақсатында құны 116,8 млрд. теңгені құрайтын 113 нысанның құрылысы мен күтіп ұстау жұмыстарына бюджеттен 40,42 млрд. теңге бөлінген.

Нұрлан Жаманкөз, Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шрауашылық басқармасы басшысының м. а.: «Ауыз су бойынша 27 нысан 9,1 млрд,  кәріз жүйесі бойынша 10 нысаннға 1,7 млрд. теңге тебөлінді. Жол бойынша 13 нысанның құрылысына  2 млрд. теңге бөлінген».

Биыл 69 нысанның жұмыстарын аяқтау көзделген. Қалған 44-інің жұмыстары 2021 жылға өтпелі. Басқармаға 19 мемлекеттік бағдарлама аясында бюджеттен 53,1 млрд. теңге бөлінген. Оның әрбірі тиісті деңгейде жұмсалады деген жауаптылардың есебіне саяси кеңес мүшелері оң бағасын берді.

Шынар Оразова