«Шымкенттің инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстарға қалалықтар түсіністікпен қарауы тиіс. Шаһар орталығындағы жолдардың құрылысын тамызда аяқтасақ, қыркүйекте таза қалада серуен құрамыз», – деп уәде берді «Нұр Отан» партиясының қалалық филиал төрағасы саяси кеңесі мәжілісінде.
«Жұмыспен қамту жол картасы аясында бөлінген қомақты қаржы мерзімінде игерілуі үшін барлығымыз жұмылып білек сыбана жұмыс істеуіміз керек», – деп атап өтті Мұрат Әйтенов.
«Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының саяси кеңесі мәжілісінде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы қызу талқыланды. Әсіресе жол құрылысы. Қалада қызу жүріп жатқан құрылыстарға қатысты сын-ескертпелер де айтылды.
Қаланың инфрақұрылымын жетілдіру бағытында қарқын алған құрылыстың тұрғындарға қолайсыздықтар тудырып отырғанымен келіскен төраға, бұл уақытша, сондықтан халықты барынша түсіністікпен қарап сабырлық танытуға шақырды.
Кеңесте «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарлама аясында қаланың инфрақұрылымын жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп те баяндалды. Қала аумағындағы елдімекендерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және абаттандыру мақсатында құны 116,8 млрд. теңгені құрайтын 113 нысанның құрылысы мен күтіп ұстау жұмыстарына бюджеттен 40,42 млрд. теңге бөлінген.
Нұрлан Жаманкөз, Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шрауашылық басқармасы басшысының м. а.: «Ауыз су бойынша 27 нысан 9,1 млрд, кәріз жүйесі бойынша 10 нысаннға 1,7 млрд. теңге тебөлінді. Жол бойынша 13 нысанның құрылысына 2 млрд. теңге бөлінген».
Биыл 69 нысанның жұмыстарын аяқтау көзделген. Қалған 44-інің жұмыстары 2021 жылға өтпелі. Басқармаға 19 мемлекеттік бағдарлама аясында бюджеттен 53,1 млрд. теңге бөлінген. Оның әрбірі тиісті деңгейде жұмсалады деген жауаптылардың есебіне саяси кеңес мүшелері оң бағасын берді.
Шынар Оразова