Шымкентте қоғамдық көлік жаңа автобустармен толығып, аялдамалар салынады. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткізген баспасөз турында мәлім болды.
Жуырда Шымкентте қоғамдық көлік сапасын жақсарту мақсатында жаңа жүйе қабылданды. Соның нәтижесінде көлік саласындағы түйткілді мәселелер рет-ретімен шешімін таппақ.
«Төлем карталары тамыз айынан бастап, 500 теңгеден сауда орталықтары мен дүкендерде сатыла бастайды. Қаламызға жыл аяғына дейін 590 автобус әкелінеді деп жоспарланып отыр. Сол кезде шымкенттіктер сығылысып, мініп-түсіп жүрген шағын әрі ескі автобустар біртіндеп айналымнан шығарылады»,-деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасы қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиев.
26 орындыққа арналған экологиялық таза автобустар жолаушыларға жайлы. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да ыңғайлы. 14 мың тегін төлем картасы Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Алтын алқа, Күміс алқа иелері, мүмкіндігі шектеулі жандарға беріледі. Сонымен қатар, 11 жоғары және арнаулы оқу орындарындағы студенттерге карта беріледі. М. Исаховтың айтуынша, 17 маршрут жабылып, 14 жаңа бағыт ашылады.