Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығында салынып жатқан халықаралық әуежайдың және онда баратын автомобиль жолының құрылысын тексерді. Қаладан 16 шақырым қашықтықта орналасқан әуежай халықаралық стандартқа сай және заманауи құрылыс технологиясымен бой көтеруде.

«YDA Group» түрік компаниясы салып жатқан Түркістан халықаралық әуежай жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда құрылыс алаңында инвестордың 102 арнайы техникасы мен 300-ден аса құрылысшысы тынымсыз еңбек етуде.

Туризм әлеуетін арттыру үшін облыста арнайы бағдарлама әзірленіп, 2025 жылға дейін турист санын 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта халықаралық әуежайдан екі күнде бір рет Түркістаннан Меккеге тікелей ұшақ ашу көзделген. Бұл мәселе былтыр желтоқсан айында өткен Түркістан облысының Мәскеудегі күндері барысында айтылды. Іс-шараға туристік компаниялар, туризм саласындағы қоғамдық бірлестік ұйымдары, қауымдастықтар мен мемлекеттік ұйымдар қатысты.

Әуежай 900 гектар аумақты қамтиды. Онда терминал, ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар салынады. Әуежай терминалы жылына 3 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады. Әуежайға баратын автомобиль жолының жалпы ұзындығы – 16,3 шақырым.