Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты төлемдер

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған қызметкерге:
– Egov.kz порталында авторизациялану;
– «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
– Онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық алаңдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
– Бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі – ХЖҚО) сізге бос жұмыс орындарын ұсынады;
– Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде сізге қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі берілетін болады;

Жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.