Танымал продюсер әрі режиссер қалталы азаматтарды қарапайым жұртқа көмектесуге шақырды. Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі ұйымдастырған сұхбат кезінде ол халықтың көмекке мұқтаж екенін айтады.
Мұның бірден бір дәлелі ауруханаларда кислород жетіспей, жан тапсырып жатқан науқастардың видеосы. Осыны айтқан Нұртас Адамбай адам болатын кез келді дейді.
Бұған дейін қоғамдағы парақорлық мәселесін кино арқылы көрсеткен Нұртас Адамбай бұл жолы тақырыпты сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің эфирінде талқылады. Сөзінше, қазір Қазақстан халқы коронавируспен бетпе-бет қалып қойды. Елдің емделуге не қаржысы, не танысы жоқ. Салдарынан ажал құшып жатқандар қарасы азаймай тұр.
Нұртас Адамбай, режиссер: «Мемлекет шешім қабылдап үлгерем дегенше қаншама уақыт кетеді. Сол уақыт аралығында бай-манаптардың көмекке мұқтаж жұртқа жақсылық жасауына мүмкіндік бар. Мен шағын бизнес иелерін айтып отырғам жоқ. Бар ғой елімізде Форбс тізіміне кіргендер. Міне, ел мен жердің рахатын көрген соларға енді халық алдындағы борышын өтеуге керемет мүмкіндік туып тұр. Одан олар шығынға батпайды. Кішкене адам болсаңдаршы».
Бай-бағландарды адам болуға шақырған ол ауқаттылардың жомарттық танытатын кезі келгенін айтады. Және ел қазынасынан байығандардың 50 мың доллар бергеннен қалтасы жұқармайтынын да жеткізді. Бастысы өмірі қыл үстінде тұрған қарашаны құтқару. Сонда ұрпақ бетіне де тік қараймыз дейді режиссер.
Нұртас Адамбай, режиссер: «Менің бір танысым осы медициналық құрылғылармен айналысады. Сөзінше, бір бай-манаптар үйлеріне реанимациялық палаталар дайындап қойған. Сондай-ақ, дәрігерлерді де көмекке мұқтаж адамдарға жібермей ұстап отыр. Осылай әрқайсысымыз өз басымызды ойлай берсек, мемлекет қайда қалады? Ертең бұл елде біздің ұрпағымыз күн кешетін болады ғой. Оларға не деп жауап береміз?».
Айта кетейік, көрші елдерде ауқаттылар коронавируспен күрес үшін қаржы бөлуді әлде қашан бастап кеткен. Мәселен Ресейде инфекциямен күрес үшін дәулетті 20-ға жуық азамат 1 млрд. рубльден бөліпті. Бұл қаржыға медициналық құралдар мен дәрі-дәрмек сатып алынған.
Назерке Үкібасова