Құр су шашып кетті ме? Бүгін дезинфекциялық шараларға жауапты мамандар шымкенттіктердің көңілін күпті еткен осы сауалға жауап берді.

Айтуларынша, қалада жүргізіліп жатқан залалсыздандыру жұмыстарына сірке қышқылы мен хлор пайдаланылады. Сумен араластырғанда бұл заттардың адамдарға зияны болмайды екен.

Алайда, перепараттарды дұрыс қолданылмаған жағдайда денеде аллергиялық шок туғызуы мүмкін. Иммундық қабілетіне қарай сұйықтық әркімге әрқалай әсер етеді. Есесіне өңдеуге арналған дәрілік заттардың жан-жануарлар мен жәндіктерге титтей де зияны жоқ болып шықты.

Ғалымжан АБИШЕВ, Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Бұл препараттар әркімге әрқалай әсер етеді. Ол адамның иммунитеті мен аллергиялық әсеріне байланысты. Денеге тигенде қызарып, бөртуі мүмкін. Көздің шырышты қабаты зақымданады».

Тиісті департамент пен басқарма өкілінің шұғыл брифинг беруіне бірден бір себеп болған әлеуметтік желіде тараған бейнежазба болатын. Күні кешеден бері әлеуметтік желіде қызу талқыланған видеода Шымкенттегі дезинфекциялық жұмыстар сынға алынған.

Автор дезинфекциялық сұйықтықтықпен жуынып көріп, оның құр су екеніне көз жеткізеді. Тіпті ішуге дейін барған әлеуметтік желі қолданушысы сұйықтықтың құрамын әскерилерден сұрап, нақты жауабын ала алмай дал болады.

Мақпал РЫСБАЕВА