Бір апта бұрын Президенттен ескерту алған үкімет мүшелері мен әкімдер, тағы да мемлекет басшысының сынына қалды. Қасым-Жомарт Тоқаев берілген екі апта мерзімнің алғашқысы өтсе де елде қатты өзгерістің болмағанын айтады.
Дәріханалар алдында кезектер сол баяғы қалпында. Есесіне, көлеңкелі бизнес қанат жайып үлгерген. Бүгінге дейін 270 пысықайдың препаратты заңсыз сатқаны анықталыпты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Баяндама бетінде жағдай бақылауда болғанымен, іс жүзінде олай емес. Президент Әкімшілігіне еліміздің барлық дәріханаларындағы дәрі-дәрмектерді тексеру жөнінде тапсырма бердім. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда дәрі тапшылығы, ұзын-сонар кезек әлі де бар. Аса қат дәрілердің бағасы қымбат екені анықталды. Көлеңкелі бизнестің көлемі артып бара жатыр».
Халықтың кейбірі дәрі іздеп әлек болса, кейбірі той-тойлауға асығып жүр. Эпидемиологиялық ахуалға қарамай ән айтып, би билегісі келетіндер әсересе Түркістан, Шымкент қаласы, Жамбыл және Алматы облысында көп. Қасым-Жомарт Тоқаев мұның себебін карантин режимін дұрыс түсіндірмегеннен дейді. Салдарынан таяқтың ұшы әкімдерге тиді.
Назерке Үкібасова