Коронавирус жұқтырғандар саны шындыққа жанаса ма?

166

КВИ жұқтырғандардың саны ресми деректен әлдқайда көп болуы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

Соған қарамастан ведомство басшысы бүкіл халықты тестіден өткізу жоспары жоқтығын жеткізді. Ал белгілері бірдей келетін пневмонияны Ковид-19-дан қалай ажыратамыз? Халықты қауіпті вирустан емдеу үшін бөлінген қаражат қалай жұмсалады?

Алексей ЦОЙ, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Министрліктің коронавирус инфекциясы туралы мәліметі ПТР-тестілер арқылы расталған ресми мәліметтерге негізделген. Ал шын мәнінде жұқтыру жағдайлары әлдеқайда көп болуы мүмкін. Ал бүкіл халықты тестіден өткізу әзірге жоспарда жоқ».

Ауру белгілері болмаса науқас үйінде 14 күн жатып, бақылауда бола алады. Ең бірінші кезекте, көмекке мұқтаж адамдарға басымдық беріп отырмыз дейді министр. Ақ халаттылар пневмонияға шалдыққан науқастардың 98,9 пайызының жағдайы орташа ауыр дейді. Қазір 260 қазақстандық жансақтау бөлімінде жатыр. Оның ішінде 12 жүкті әйел, жаңа босанған ана және бір бала бар. Пациенттердің 72 пайызы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Алексей ЦОЙ, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Бізден пневмония статистикасы туралы жиі сұрайды. Бүгінгі күні ел бойынша стационарларда ПТР-тест нәтижесі (коронавирусқа) теріс, пневмониямен 28 мың пациент ем алуда. Солардың ішінде 330 пациенттің жағдайы ауыр. Одан басқа стационарларда КВИ бойынша ПТР-тест нәтижесі теріс ЖРВИ немесе басқа тұмау аурулары бар деген диагнозбен 4 мыңнан астам адам емделуде».

Саладағы кей проблемаларды бүкпесіз жеткізген министр инфекция өршіген тұста парацетамолды 10 есе қымбатқа сатқан атыраулық емхана басшысының әрекетін де әшкере етті. Бүгінде барлық өңірде әкімдіктер жанынан мониторинг топтары құрылған. Олардың бәрі мемлекет бекіткен шекті бағаны қадағалайды.

Алексей ЦОЙ, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Атырауда медикаменттер тіпті, косметологиялық клиникада сатылған. Құқық қорғаушылар дәрінің осылайша лицензиясыз сатылып жатқанын анықтады. Заңсыз сауданы клиниканың басшысы ұйымдастырған. Онымен қоймай, ол дәрі бағасы ресми шектен бірнеше есе көп болған. Мәселен, 5 мың теңгелік Ингавирин үш есе қымбатқа, ал Парацетамол тіпті, 10 есе артық бағамен қымбатқа сатылған. Клиникадан 5 мың қаптама тәркіленді».

Бұдан өзге еліміздің бас дәрігері медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға уәде берді. Мәселен, жақында ғана Түркістан облысында дәрігерлердің бірі қолғаптардың жыртылып кетіп жатқанын жария етемін деп жұмыстан шығарылған болатын.

Ведомство басшысы «Біз қазір осы жағдайды назарға алдық. Бұл дәрігер басқа емханаға ауыстырылды, лауазымы өсті» деді.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Әріптестеріміздің әрбірінің орны бөлек. Басқасы басқа, дәл қазір ең қажетті кадрлардың алдыңғы шебіне медицина қызметкерлері шықты. Жекелеген өңірлерде медицина мамандары қуғынға ұшырап жатқан жағдайлар бар. Бірақ мұның бәрі заңнамамен реттеледі. Туындаған әрбір мәселе жеке қаралады. Резонансты жағдайлар да жоқ емес. Мәселен, жақында ғана Түркістан облысында дәрігерлердің бірі қолғаптардың жыртылып кетіп жатқанын ролик арқылы көрсеткені үшін жұмыстан шығарылған. Біз қазір осы жағдайды назарға алдық. Бұл дәрігер басқа емханаға ауыстырылды, лауазымы өсті».

Министрдің айтуынша, жеке қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмек пен медициналық аппараттарды, зертханалық құрылғыларды сатып алу және ПТР тест әдісімен зерттеулер жасау сынды қызметтер жалғаса береді. Оған қазынадан қомақты қаржы бөлінген. Алдағы уақытта емхана дәрігерлерінің айлығы да үстемеленетін болды. Ведомство өкілдерінің сөзінше, емханаларда инфекциялық сырқаттармен жұмыс істейтін дәрігерлерге келтірілген зиян үшін үстемеақы беру қарастырылған.

Мақпал Рысбаева