Науқастар провизорлық стационарларда ем қабылдауда

245

Шымкентте өткір респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырған, пневмонияға шалдыққан азаматтар әр емхана жанынан ашылған күндізгі стационарларда ем қабылдаса, аталған аурулардың орта дәрежесімен ауырғандар провизорлық госпитальде емделуде.

«Қатерлі ісік ауруына шалдыққан азаматтар хаттама бойынша барлық медициналық көмекті алуда», дейді сала мамандары.

Шымкенттегі қалалық онкологиялық орталықта бүгінгі таңда 130 науқас ем қабылдауда. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, олар барлық қажетті препараттармен қамтылған. Қатерлі ісік дертімен қалада 6 мыңға жуық тұрғын тіркеуде тұрады. Олардың бір жарым мыңы дәрігердің нұсқауымен үйлерінде ем қабылдауда. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты сақтық шаралары қатал орындалып, емдеу процесі тоқтаған емес дейді жауаптылар.

Дәулетбек Жұмағали, Шымкент қалалық онкологиялық орталығы директорының м. а: «Мобильді топ жұмысын жалғастыруда. Қажет болса, үйлеріне барып медициналық көмек көрсетудеміз. Топтың құрамында  дәрігерлермен қоса, психолог, еріктілер бар».

Ал ардагерлер үйінде 100 орынға арналған провизорлық госпиталь ашылған. Мұнда өткір респираторлық вирус инфекциясы, пневмониямен ауырған жалпы 54 науқастың 11-і өкпені жасанды желдеткіш аппаратымен тыныс алуда. Қала тұрғыны Лилия  Семикинаның жолдасы осы провизорлық госпитальда емделуде.

Лилия  Семикина, науқастың жұбайы: «49 жастағы жолдасымның өкпесі қабынған, жағдайы ауыр. Дәрігерлерге рахмет, қолдан келген көмекті аямай көрсетіп жатыр. Дәрі-дәрмектер тапшы, дәріханалардан таппай жатырмыз. Жергілікті биліктен өтінеміз, қажетті препараттармен қамтыңыздаршы. Мен жолдасымның өмірі үшін алаңдаулымын. Өтемін».
Эльвира Ермекбаева, №2 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары: «Біз протокол бойынша барлық тиісті препараттармен қамтылғанбыз. Науқасты емдеуде түрлі ем-дом қабылданады. Олардың сауығып кетуі үшін қолымыздан келген барлық амалды жасаудамыз. Дәрі-дәрмектермен толық қамтылғанбыз. Уайымдауға негіз жоқ. Біз үйге кетпей тәулік бойы екі ауысымда жұмыс жасаудамыз. Түсіністік танытыңыздар. Науқастардың өмірі маңызды».

Өткір респираторлық аурулар және пневмонияның жеңіл түрімен ауырған науқастар үшін №9-шы қалалық емханада күндізгі стационар ашылған. Онда 44 төсек орынның 20-сы Коммунизм бөлімшесі, 16-сы Жаңа талап елдімекенінде, 8-і Тұрлан тұрғын алабында орналастырылған.Бүгінгі таңда күндізгі стационарда 129 науқас ем-дом қабылдауда. Олардың 91-і пневмонияға шалдыққан болса, 88-і өткір респираторлы вирусты инфекцияны жұқтырғандар. Осындағы 12 дәрігер мен 15 орта буын қызметкері сағат таңғы сегізден кешкі 8-ге дейін 12 сағат медициналық көмек көрсетуде.

Гүлзира Байдасова, №9-шы қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары: «Егер де өзіңізді жақсы сезінбей тұрсаңыз, медициналық көмекке жүгініңіз. Емханада  қауырт желі жұмыс жасайды. Барлықтарығызға көмек көрсетеміз».

Шынар Оразова