Шымкент қаласының әкімі жергілікті ауруханалардың бүгінгі ақуалымен танысты. Қала басшысы бірнеше провизорлық орталықтарға, жұқпалы аурулар ауруханасының күндізгі стационарларына барып, жағдайға қанықты.

Емделушілермен кездесіп, сын-ескертпелерін тыңдады. Вирусқа шалдыққан науқастарды емдеп жатқан ақ халаттылардың жұмысын көзбен көрді.

«Кислород барлығына жеткілікті». Осылай деген Шымкенттің бас дәрігері қаладағы эпидемиологиялық ақуалды қала әкіміне баяндап берді. Жаңа госпитальде қазір 77 палата мен екі реанимациялық зал бар. Мұнда короновирусқа шалдыққан және өкпесі қабынған науқастар жеткізіледі. Мамандар әуелде тыныстандыратын аппараттардың жеткіліксіз болғанын жасырмайды. Алайда, қазір бұл түйіткіл шешілді дейді.

Мұрат Айтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Егер бұл жерге адамдарды әкелсе, жедел жәрдем қызметімен бірге жұмысты жолға қойып, адамдарды бөлімшелер бойынша апару керек. Мен сізге барлық жағдайды түзетуге тапсырма беремін».

«Қаладағы эпидемиологиялық ақуал күн санап күрделеніп келеді. Сондықтан барлық жағдайға тас түйін дайын болуымыз керек». Осылай деген шаһар басшысы салаға жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Ауруханада шұғыл жеткізілген науқастарға да, өкпе қабынуымен жатқан пациеттерге де дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетілуі керек. Қазығұрт шағынауданындағы мектептердің бірінде жуырда күндізгі стационар ашылған болатын. Мұнда күніне 100-науқасқа дейін қабылданады.

Данияр Айтбаев, дәрігер: «Егер орын жетпесе, бізде тағы бір қабат пен емхана бар. Дәрі-дәрмектермен байланысты мәселені шештік, менің ойымша, проблема болмайды».

Мұрат Әйтенов дәрігерлерге ең бастысы жағдайды бақылаудан шығарып алмауды тапсырды. Қазір Шымкенттегі жедел жәрдем стансасына күн сайын түсетін қоңыраулар азаймай тұр. Шаһар басшысы бірінші кезекте емдеу мекемелерінде орынның жеткілікті болуын қамтамасыз ету қажет дейді.

Қала басшысы түннің жарымына қарамастан қаладағы медициналық мекемелердің жағдайын көру үшін нысандарды біртіндеп аралап шықты. Шаһардағы Ардагерлер үйінде де жақында провизорлық орталық ашылған болатын. Ақ халаттылар науқастарды алдымен жан-жақты тексеріп, содан кейін ғана оны орналастыру бойынша түпкілікті шешім қабылдайды.

Эльвира Ермекбаева, емхана бас дәрігерінің орынбасары: «№2 емхана бас дәрігерінің орынбасары қазіргі уақытта жүздеген орын, 88 палата бар. Біз ауырлық дәрежесі орташа науқастарды қабылдаймыз, қазір мұнда емделушілер ем алады, жағдай тұрақты».

Емдеу мекемелеріндегі жағдаймен жіті танысып шыққан Шымкент әкімі ең алдымен азаматтарды аса қажет болмаса сыртқа шықпауға шақырды. Мұрат Әйтенов дәрігерлерге қолдау білдірді. Мамандар қазір күн түн демей вирусқа шалдыққан науқастарды ажалдан аман алып қалу үшін барын салуда.

Әкім көрген соңғы нысан – жеңіл атлетика кешенінде ашылған күндізгі стационар. Мұнда 300-ден астам орын жасақталған. Жуық арада науқастар қабылдана бастайды.
Қазіргідей инфекция өршіп тұрған тұста жергілікті емдеу мекемелерінде мәселе жоқ емес. Мұны шаһар басшысы да жасырмайды. Алайда, қала әкімі кез-келген түйткілді шешуге ықпал етуге дайын екенін жеткізді. Бастысы, медициналық көмекке зәру ешбір науқас назардан тыс қалмауы тиіс.

Мақпал Рысбаева