Шымкентте тағы да қайырымдылық акциясы жалғасын тапты. Бұл жолы қала кәсіпкерлері мұқтаж отбасыларына «Жақсылық жаршысы» себеттерін таратты. Барлығы 200 қорапта әдеттегідей азық-түлік қана емес, тұрмыстық қажеттіліктер де бар.
Себеттерді жинауға қаланың белгілі азаматтары да атсалысты. Спортшы, өнер иесі мен журналистер кейін қажетті құралдарды үйді-үйге таратты. Ал, тосыннан сыйға кенелген отбасылар қайырымды жандарға алғыс жаудырды.
Біржан Жақыпов, бокстан Әлем чемпионы: «Қуаныштымын. Осындай шара көп болсын дегім келеді. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер жағдайы өте төмен отбасыларға көмек ретінде азық-түлік, басқа да заттармен қамтамасыз етіп жатыр екен. Соған өзім де атсалысып, қатысқалы отырмын».
Айта кетейік, қала кәсіпкерлерінің бұл алғашқы қайырымдылық ісі емес. Бұған дейін олар ауруханаларға жасанды тыныс алу аппараты мен түскі астарды таратқан еді.
Нұрлан Кабиштаев, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры: «Кәсіпкерлер бүгінгі таңға дейін, бұдан кейін де қиын жағдайға түскен отбасыларға көмектесуге ізгі ниеттерін білдіріп жатқандар өте көп. Онымен қатар провизорлық орталықтарға 3 апта бойы тағаммен қамтамасыз етіп жатқан кәсіпкерлер бар».
Кәсіпкерлер палатасының директоры бұл шараның жалғасы тағы да болатынын айтады.
Назерке Үкібасова