СК-Фармацияның өңірлік қоймасына зерделеу жұмыстары жүргізілді

164

 

Бүгінгі күні Түркістан облысының аумағында халықтың денсаулығын нығайту және эпидемиологиялық жағдайды ретке келтіру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Осы орайда, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев бастаған жедел жұмысшы топ «СК-Фармация» ЖШС-нің Түркістан қаласындағы дәрілік заттар сақтайтын қоймасына арнайы барып, сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің жеткізілу деңгейіне зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Мониторингтік жұмысшы топтың құрамында Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары М.Қарғабай, облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Н.Нышанов, облыстық «NurOtan» партиясының өкілі мен «Түркістан — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері және Арнайы мониторингтік топ мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аталмыш қойманың жұмысымен танысу барысында дәрі-дәрмектер облысқа қарасты Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Бәйдібек, Келес, Қазығұрт, Жетісай, Мақтарал, Отырар, Сарыағаш, Созақ, Шардара аудандарындағы емханалар мен ауруханаларға дер кезінде жеткізіліп отыратыны түсінідірілді.

Бұл қоймаға дәрі-дәрмек қоры негізінен «СҚ-Фармация» арқылы толықтырылып отыратыны және қоймадағы дәрі-дәрмектер бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік емханалар мен ауруханаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі негізінде таратылатыны белгілі болды.

Жүргізілген мониторинг барысында қойма жұмысымен жіті танысқан Хаким Дүйсешұлы халық денсаулығын нығайту мақсатында вирусқа қарсы аса қажетті дәрілік заттардың емдеу орындарына жеткізілуінде ешбір кедергі болмау керектігін алға тартты.

Айта кетсек, 11 шілде күні Түркістандық дәріханаларға Алматы қаласынан аса қажетті дәрі-дәрмектердің 136 түрі жеткізілген болса, бүгін көрші Өзбекстан елінен 142 мың қорап дәрі-дәрмек түрлері мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда емделіп жатқан науқастарға таратылу үшін келгендігі белгілі болды.