ANTIKOR.LIVE: СК-Фармация қоймасына мониторинг жүргізілді

84

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанынан құрылған Жұмысшы топ дәріханалар мен фармацевтикалық компаниялардың қоймаларына мониторинг жұмыстарын жүргізуде.

Жұмысшы топ гуманитарлық көмек ретінде жеткізілген медициналық тауарлар мен дәрілерді есептеп, ауруханаларға жеткізілуін сүйемелдеуде.

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев бастаған Жұмысшы топ «СК-Фармация» қоймасында дәрі-дәрмектердің қорымен танысты.
Басты мақсат – пандемия жағдайына байланысты қажетті дәрі-дәрмектердің 2 айлық қорымен танысу және медициналық ұйымдарға үлестірілуін қадағалау.

Жалпы алғанда, бүгінгі күнге дейін гуманитарлық көмек ретінде мегаполиске Өзбекстан, Қытай, Ресей, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Украина, Польша, Германия, АҚШ, Португалия, Ворд Медикал, «HUAWEI» ЖШС, Швеция, Израиль, Грузия, Samruk Kazyna Trust, Түркия, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Шеврон компаниясынан гуманитарлық көмек келді.

Гуманитарлық көмек ретінде медициналық маскалар (респираторлы) – 1 003 765 дана, медициналық қолғаптар – 237 614 дана, вирусқа қарсы препараттар (дексаметазон, азитромицин, меропенем, цефтриаксон, парацетамол, левофлоксацин, БАД, ибупрофен және т.б.) – 28 156 дана, медициналық қорғаныш халаттар – 16 614 дана, көзілдірік – 10 630 дана, қорғаныш экрандары – 26 188 дана, өкпені жасанды желдету құралдары – 25 дана және оксигенаторлар -12 дана жеткізілген.

Әр тауарға үшінші тұлғалардың, делдалдардың, алып-сатуына жол бермеу мақсатында «тегін» деген мөр басылды.

Айта кетейік, кез-келген азамат дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар бағасының жоғарылауына және жетіспеушілігіне қатысты шағымдары мен ұсыныстарын 8 775 306 78 50 WhatsApp нөмірлеріне фото және бейне материалдармен жолдай алады.