Түркістан облысында экологиялық қылмыс өршіп тұр

166

 

Түркістан облысында жыл басынан бері 43 экологиялық қылмыс, 737 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оларға 6 млн. теңгеден астап айыппұл салынған.

Биыл облыста жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 30 дерегі тіркелген. Бұл туралы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Нұрлан Тұмабаев айтты.

Құқық бұзушылық құралы ретінде пайдаланылған 43 техника, атап айтқанда, 7 экскаватор, 11 погрузщик және 25 жүк тасу көлігі заңды шешім қабылданғанша, уақытша айыптұраққа жеткізілген.

Естеріңізде болса, соңғы жылдары браконьерлердің қолынан қаза тапқан 2 табиғат қорықшысы мен одан басқа да келеңсіз оқиғалар жиілеп кетті. Осыған орай биылдан бастап елімізде аңшылық пен балық аулау жай тәртіп бұзу емес, орта деңгейдегі қылмыс санатына енгізіліп, заң күшейтілді.

Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полиция инспекторлары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып облыс аумағында экологиялық қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында бірқатар мақсатты іс-шара ұйымдастырып, жүзеге асырды.

Оның ішінде «Браконьер», «Нерест» ЖПІШ және «Қызғалдақ», «Жер қойнауы» алдын алу іс-шаралары болып өтті.

Айта кетейік, Түркістан облысында 18 табиғат қорғау полиция инспекторы бар. Олар жергілікті тұрғындар арасында табиғат қорғау заңнамаларын бұзбау, бұзған жағдайда қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Мақпал Рысбаева