«Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының дерегінше, ұйым базасында адам саудасы бойынша жылына ондаған оқиға тіркеледі. 2018 жылы адам саудасына қатысты 64 жағдай тіркеліпті. Сол жылы 15 адам «Сана сезім» орталығына қарасты оңалту орталығынан көмек алған. Ал 2019 жылы адам саудасы бойынша 45 жағдай, 2020 жылдың бірінші тоқсанында 15 жағдай тіркелген. Адам саудасының құрбанына айналып, құлдыққа жегілген қаншама адам орталыққа көмек сұрап хабарласады. Барлығы дерлік үрей мен қорқынышта өмір сүреді. Сондықтан да олардың хикаясы айтыла бермейді. «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының адам саудасының алдын алу бойынша жоба жетекшісі Раушан Худайшукуровамен әңгімелесіп, құлдықта болған бір кейіпкер хикаясын білдік.
Жоғары жалақы, тұрақты жұмыс тауып беруді уәде еткен сөзге сеніп, жыныстық құлдықтың құрбанына айналған жанның бірі – Тамара (кейіпкер қауіпсіздігі үшін аты-жөні өзгертілді — ред.). Күнкөріс қамымен Өзбекстаннан Қазақстанға келіп, жыныстық құлдыққа жегіліп, психо-неврологиялық ауруханадан бір-ақ шыққан жәбірленушінің хикаясы өте ауыр.
«ТАНЫСЫ САТЫП ЖІБЕРГЕН»
2011 жыл. Өзбекстан. Өзі жас әрі сұлу Тамара жұмыс іздейді. Бір күні танысынан көршілес Қазақстанның Шымкент қаласында табысы жақсы жұмысқа шақырту алады. Ол күн сайын қатынап жұмыс істеп, байып жатқанын айтады.
Аңқау да албырт ару жақын танымайтын адамның бір ауыз сөзіне сеніп, Шымкентке жолға шығады.
«Таңертең барып, жұмыс орнымды көріп-біліп, кешке қайтамын» деп, ата-анасына да ескертпейді. «Жұмысқа орналасып болған соң айтармын» деп ойлайды.
Танысы Тамараны Өзбекстан шекарасынан өткен соң Қазақстанда бір азамат күтіп алатынын ескертеді. Қыз шекарадан өткенде оны көлікте бір жігіт күтіп тұр екен.
«Жұмыс орныңа апарып саламын» деп, көлікке отырғызып әкетеді. Біраз жер жүрген соң бір ауылдағы үйге әкеледі. Тамараны сол үйдің иесіне тастап, өзі кетіп қалады.
Тамара: «маған жұмысың қалада әрі таза жерде» деп айтқан, «бұл жерде жұмыс істемеймін» деп шырылдайды.
Үйдегі адам: «Сен үшін аз ақша бермедім, сол ақшаны өтеуің керек, өтемейінше кетпейсің» деп шарт қояды.
Бұған көнбеген Тамара қашып кетпек болады. Үй иесі жуан ағаш таяқпен басынан ұрып, есінен тандырып тастайды. Тамара қараңғы, суық бөлмеде оянады. Аяқ-қолын кереуетке байлап тастаған, құжаттарын алып қойған.
«Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының адам саудасының алдын алу бойынша жоба жетекшісі Раушан Худайшукурованың айтуынша, Тамараны қармаққа түсіргендер жаттанды жүйемен әрекет еткен.
— Бірінші адам жәбірленушіні алдап, ақшаға қарқ қылатынына сендіреді. Сосын оның жұмыс істеуге келіскен еліне немесе межелі орнына дейін жеткізіп беретін екінші делдалға тапсырады. Сол елге барғаннан кейін оны жұмыс берушіге сатып жібереді. Сатып алған адам жұмыс іздеп келгендердің құжатын алып қойып, құлдықта ұстайды. Қылмыстық топ көбіне осы жүйемен әрекет етеді,-дейді Раушан Худайшукурова.
Тамараның қалтасындағы ақшасын да, құжатын да, телефонын да алып қойған. Ешқайда қаша алмайды. Әрдайым бақылап жүретін адамдар бар. Сөйтіп Тамара «тірі тауарға» айналады.
Күндіз үй шаруасын істейді, мал бағады, кешкісін көп еркектің жыныстық қалауын орындайды. Жыныстық қатынасқа мәжбүрлейді.
Қашуға әрекет жасағанда ұрып-соғады, айтқанына көнбегенде тағы соққыға жығады.
Тамараның бәріне шыдаудан басқа амалы қалмайды. Артынан іздеп келетін ешкім жоқ, өйткені қайда кеткенін ата-анасына да, туған-туысына да айтпаған. Тәулік бойы тынымсыз жұмыс, күйзеліс, қорқыныш, үрей, төнген жұдырық. Мұның барлығы Тамараның денсаулығына әсер етеді.
«Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы адам саудасының алдын алу бойынша жоба жетекшісі Раушан Худайшукурованың сөзінше, Тамара басынан соққы алғанда миы шайқалған болуы да әбден мүмкін.
Уақытылы медициналық жәрдем алмаған соң жылдар өте денсаулығы сыр береді. Басы қатты ауырып, көп нәрсені ұмытып қалады.
Араға 5 жыл салып, 2016 жылы Тамара сол жерден қашып шығады.
— Тамараны үйдегі адамдар бақылауында ұстаған. Соншама жылдан кейін оның қашып кетпейтініне сеніп, бақылауды әлсіреткен болуы да мүмкін. Сол сәтті пайдаланып Тамара қашып кетеді. Үлкен жолға жүгіріп жетіп, өтіп бара жатқан көліктен көмек сұрайды. Тоқтаған көлік оны Шымкентке дейін жеткізіп тастапты,-дейді Раушан Худайшукурова.
ҚҰЛДЫҚТАН КЕЙІНГІ КҮНДЕР
Не ақшасы, не құжаты жоқ Тамара қайда барсын?! Өткен-кеткен адамдардан жұмыс, тиын-тебен сұрап тіленшілік етеді. Қоқыс жәшіктерін ақтарып, жейтін тамақ іздейді. Осылай тентіреп жүргенде әйел кісіні жолықтырып, оған жағдайын түсіндіреді. Жаны ашыған әйел Тамараны қамқорлығына алады.
— 2016 жылы бір әйел біздің орталыққа сырт келбеті әбден әбіржіп, бет терісі қарайып, қатайып кеткен келіншекті ертіп келді. Ол – Тамара болатын. Қыздың бастан өткізген оқиғасын айтып, қол ұшын созуымызды өтінді. Қыздың мәліметін алып елшілікке жолдадық, анкета толтырдық, бірақ ол базадан шықпады. Бірнеше рет тексеріп көрдік. «Аты-жөніңді дұрыс айттың ба?» деп сұраған сайын басқа-басқа мәліметтер бере бастады. Қыздың есте сақтауы нашарлағанын түсіндік. Өзі жайлы толық мәлімет айтпайынша ешқандай көмек бере алмайтын едік. Ертіп келген әйел: «Тамара барлығын есіне түсіргенде хабарласамыз» деп кетіп қалды,-дейді Раушан Худайшукурова.
ТАМАРАНЫ ЖЫНДЫХАНАҒА ЖАТҚЫЗҒАН
Тамара үйіне орала алмады. Сол оқиғадан кейін арада 3 жыл өткен соң, 2019 жылы «Сана сезім» орталығының мамандарына Шымкент қалалық құқық қорғау қызметкері хабарласып, Өзбекстан Республикасының құжатсыз жүрген азаматшасы ұсталғанын және оны уақытша қамауға алғандарын айтады. Қызды еліне қайтару үшін құжаттандыру бойынша көмек беруді сұрайды. Ұсталған азаматша қамауда отырғанда құқық қорғау қызметкерлерінің сұрағына жөнді жауап бере алмай әрі өзін дұрыс ұстамауына байланысты оны психо-неврологиялық диспансерге жіберіпті.
— Психо-неврологиялық диспансерге барып, шетел азаматшасымен жолыққанымызда 3 жыл бұрын бізге келген Тамараны көрдік. Белгілі бір себептермен оны құжатсыз күйінде полиция қызметкерлері көшеден ұстапты. Диспансердің бас дәрігері бізден Тамараның туысқандарын табуымызды өтінді, өйткені Тамара: «үйге қайтқым келеді» деп жылай беріпті. Жағдайы тіпті нашарлаған, аты-жөнін, тұратын жерін айтып бере алмайды. Сол кезде біздің орталықтың поштасына 8 жылдан бері із-түссіз жоғалып кеткен қыздарын тауып беруін өтінген өзбекстандық ата-ананың хабарламасы келді. Бармаған жері, баспаған тауы қалмаған ата-ананың соңғы үміті – Өзбекстандағы адам саудасының құрбандарын құтқаратын ұйым болыпты. Хабарламада қыздарының төлқұжат көшірмесі бар екен. Сүп-сүйкімді, көзінде нұр жанып тұрған қыз фотосы. Жүзі таныс, мұқият қарағанымызда суреттегі қыздың қазіргі Тамара екенін түсіндік. Өз көзімізге өзіміз сенбей, не қуанарымызды, не жыларымызды білмей, абдырап қалдық. «Не жыларымызды білмей» деген себебім, фотодағы қыз бен диспансерде жатқан қыз мүлдем екі түрлі адам еді. Тағдыр тауқыметімен осындай күйге түскен қыздың жүзіне қарап, жүрегің ауырады,-дейді Раушан Худайшукурова.
8 ЖЫЛДАН СОҢ АТА-АНАСЫН ТАПТЫ
Енді «Сана сезім» орталығы мамандарының қолында қыздың төлқұжат көшірмесі бар. Олар дереу елшілікке сұраным хат жіберіп, Тамараға уақытша құжат жасатады. Осы аралықта Тамараның ата-анасын Қазақстанға келіп, қызын ауруханадан алып кетуге шақырады.
— Жәбірленушінің өзін еліне жібере алмаймыз, жолда әртүрлі жағдай болуы мүмкін ғой. Сондықтан ата-анасының келуін күттік. Әкесі келді. Сол сәтті сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жылдар бойы есімін есіне түсіре алмаған қыз әкесін көргенде «Отажон, отажон» деп жүгіріп барып, әкесінің мойнына асылып, еңкілдеп жылады. Әкесін бірден таныды,-дейді «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы адам саудасының алдын алу бойынша жоба жетекшісі Раушан Худайшукурова.
Әкесі мен қызы 8 жылдан кейін қайта қауышты. 2011 жылдан бері бауыр еті баласын шарқ ұрып іздеген әке Тамараны еліне алып кетті.
ҚҰЛДЫҚТА БОЛҒАНДАР ҮРЕЙДЕ ӨМІР СҮРЕДІ
«Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының вице-президенті Шахноза Хасанованың сөзінше, Тамара орталыққа алғаш 2016 жылы келгенде де, екінші рет жолыққан 2019 жылы да полицияға арызданбаған. Бар ойы үйіне оралу болыпты.
— Адам трафигінің (саудасының) құрбандары еркіндікке шыққан соң «қожайынға» арызданбастан, аман-есен құтылғанына қуанып, үйіне асығады. Құлдыққа түсу, бұл бір жағынан психологиялық қақпан секілді. Жәбірленушілер жағдайын айтуға, жария етуге қорқады, жабулы қазан жабулы күйі қала бергенді құп көреді. Тамара да солардың бірі еді. Оның үстіне ол кінәлілерді іздеп, олармен қайта жолығуға дайын емес-ті.
Денсаулығы да нашарлаған. Жалпы, жыныстық құлдықта болғандардың қалпына келуі ұзаққа созылады. Зәбір көргендердің ішінде толық сауығып кете алмайтындары бар. Ұзақ уақыт ер адамға деген қорқынышы сейілмейді. Жүрегінде жара қалады. Жыныстық құлдыққа ұшырағандардың көбі қандай жағдайда болғанын жасырын сақтап қалады. Оны біз де аноним сақтауға міндеттіміз. Олар қоғамның табалауынан, шеттетуінен қорқады. «Айналасындағылары қабылдамай қояды» деп қорқады.
Жыныстық құлдықтан құтылған соң тұрмыс құрып, үйленген азаматтарымыз бар. Олар қорлық көрген күндерін жүрек түбіне жасырып қойған,-дейді Шахноза Хасанова.
Құтқарылған азаматтарға жасалған зерттеу жұмысының қорытындысы бойынша, құлдыққа түсетіндердің басым бөлігінің жоғары білімі жоқ, әлеуметтік деңгейі төмен, отбасында зорлық-зомбылық көргендер, ажырасқандар, өте сенгіш адамдар, өз ойын ашық айтпайтын, яғни «иә» дейтін кезде «иә», «жоқ» дейтін кезде «жоқ» дей алмайтын адамдар екен. Стокгольм синдромына шалдыққандар, яғни өзінің жұмыс берушісіне сезімі пайда болып, соның қармағында қалып кететіндер де болады екен.
«Сана сезім» орталығы мамандарының сөзінше, Қазақстандағы адам саудасының құрығына қазақстандықтардан гөрі шеттен, дәлірегі Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген азаматтар түседі екен.
«Сана сезім» орталығының мамандары жәбірлеушілердің барынша жазаға тартылуын көздейді. Алайда жәбірленушілер арыз беруге жүрексінеді не іс орнынан жылжымай, тоқырап қалады. Осылайша заң мен арды аттап, қылмыс жасағандар бостандықта қала береді. Олардың әлі қанша өмірді өксітері белгісіз.
МАМАН МІНБЕРІ
Шахноза Хасанова, «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының вице-президенті:
— Адам шетелге не бұрын-соңды болмаған басқа бір білмейтін жаққа жұмысқа барғалы жатса, қалай сақтануы керек?
Біріншіден, бейтаныс адам болсын, досың болсын, мейлі шет елде, мейлі өз елімізде болсын, «бір айда байып, үй, машина аласың» деп ұсыныс жасағанда сеніп қалып, шабадан жинап, жолға шықпас бұрын барлығын жіті тексеру керек. Жұмыс берушімен арада келісімшарт түзіп, құжатта қандай жұмыс, айлығы қанша, күніне неше сағат жұмыс істейді, қайда тұрады, деген сұрақтардың жауабын айқындап алу қажет. Келісімшартты екі нұсқада шығарып, бірін өзіңде, енді бірін жұмыс берушіге беру міндетті. Барлық құжатыңыздың, визаңыздың, төлқұжатыңыздың кемі екі көшірмесін жасатып алыңыз. Оның бірін өзіңізбен алып жүріңіз. Екіншісін туыстарыңызға қалдырыңыз. Құжаттарыңызды тартып алса немесе жоғалтып алсаңыз керек болады
Қайда және қандай жұмысқа барсаңыз да, құжатыңызды ешкімге бермеңіз. Құжатыңыз болмаса, кім екеніңізді дәлелдей алмайсыз.
Екіншіден, жұмысқа кететін болсаңыз, туыстарыңыз сіздің қайда, кіммен кетіп бара жатқаныңызды толық білуі керек. Барлығын айтыңыз. Бірнеше жақын адамыңыздың телефон нөмірін жаттап алыңыз. Міндетті түрде, тек туыстарыңызбен сіз ғана түсінетін код сөз ойлап табыңыз. Сізді адам саудасының құрбаны еткен азамат, туыстарыңыз күдіктенбесі үшін туыстарыңызбен телефонда сөйлесуге рұқсат береді. Қорқытып, үрейлендіріп, пышақ не қандай да бір қару тақап тұрады. Код сөз — туысқаныңызға сигналыңыз болады.
Үшіншіден, шетелге жұмысқа бармақ болсаңыз, сол елдегі Қазақстан елшілігінің қайда орналасқанын және телефон нөмірлерін жазып алыңыз. Кез келген Қазақстан елшілігі азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Төлқұжатыңыз болмаған жағдайда, уақытша төлқұжат беріп, елге қайтуыңызға көмектеседі.
Төртіншіден, қиын жағдайға тап болдыңыз ба, онда мүмкіндік туған сәтте полицияға, тіпті болмаса алдыңыздан шыққан адамға жағдайыңызды түсіндіріңіз.
МАМАН МІНБЕРІ
Раушан Худайшукурова, «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының адам саудасының алдын алу бойынша жоба жетекшісі:
— Бізге телефон қоңыраулары мен хабарламалар көп түседі. Әрқайсысын жіті тексеру уақыт алады. Көбіне Ресей, Өзбекстандағы әріптестеріміз хабарлама жібереді. Олар біздің облыс, қала, ауыл атауларын білмейді, қалай естиді, солай жазып жібереді. Оның дұрысын тапқанша тағы уақыт кетеді. Айта кету керек, орталық қызметкерлерінің барлығы құқыққорғаушылар қауіпсіздігі бойынша оқу-даярлықтан өткен. Адам саудасы сияқты күрделі мәселемен айналысқандықтан бізге де қауіп төнетін кездер болады. Әсіресе, қылмыстық іс қозғалғанда, жәбірленушіні құлдықта ұстағандар тарапынан қысым көреміз, бізді аңдыған кездер болды. Сотқа басқа көлікпен барып, қайтарда жәбірленушімен басқа көлікте қайтатын жағдайлар кездеседі. Ең үлкен мәселе — құқыққорғау қызметкерлерінің өз жұмысына жауапкершілікпен қарамауы. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын, бірақ лауазымды қызметте немесе жақсы орында жұмыс істейтін адамға қатысты істе құқық қорғау қызметкерлерінің кейбірі бармақ басты, көз қысты әрекеттерге барып жататын жағдайлар кездеседі. Тіпті жәбірлеуші тараппен келісімге келіп жататындар бар. Бұл ғана емес, адам саудасы туралы арнайы заң жоқ, сол себепті құлдыққа түскен азаматтардың құқығын қорғауды қиындатады.
ГАЗЕТ АНЫҚТАМАСЫ:
«Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы 2001 жылы ашылған. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, адам саудасын тоқтату (2004ж), еңбек миграциясы
және құжаттандыру сынды бағыттарда жұмыс істейді.
Мекенжайы: Шымкент қ., Перов көш., 19 үй
Тел: 8 (7252) 55-13-00