Шымкентте 23 жастағы әйел нәрестесін сатпақ болған

Шымкентте 23 жастағы әйел сәбиін сатпақ болған. Мұны ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері анықтады. Қазір ол қамауға алынып, бала сәбилер үйіне жеткізілді.

Сатып алушыларды іздеген 23 жастағы әйел делдал арқылы басқа облыстан 45 жастағы тұрғынды тапқан. Қамауға алынған күдікті әйелдің бірнеше рет алаяқтық үшін жауапкершілікке тартылғаны, қазіргі уақытта көптеген қарызы бар екені анықталған. Ал бала сәбилер үйіне орналастырылды.

Құдияр Нұрсейітов, ҰҚҚКБ бастығының орынбасары: «Шымкент қаласының Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 23 жастағы әйелдің өз баласын сатпақ болып, сатып алушыларды іздегенін анықтады. Ол делдал арқылы басқа облыстағы 45 жастағы тұрғынды тапқан. Факт Қылмыстық кодекстің 135-бабы бойынша тіркелді, сотқа дейінгі тергеу басталды.»

Мұндай жағдай Алматы облысында да тіркелген. 24 жастағы әйел несиесін жабу үшін баласын саудалауға ниеттенген. Елімізде “STOP-трафик” кезекті республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының аясында 39 қылмыс анықталды. Оның ішінде адам саудасының 7 фактісі тіркеліп отыр.

«Ағза саудасының 1 фактісі, еңбекке тарту мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырудың 3 фактісі, адам саудасының – 7, жезөкшелікпен айналысуға тартудың 4 дерегі, притон ұстау және жеңгетайлықтың 24 фактісі анықталды», – деп мәлімдеді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Айта кетейік, қолданыстағы заң бойынша бала саудасымен айналысу 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Егер мән-жайды ауырлататын фактілер болған жағдайда қылмыскер 18 жылға дейін сотталуы мүмкін.